13 Тамыз, 2015

Қостанайда диқандар астық жинау науқаны алдында бас қосты

207 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
13-08-2015-Kostanai 1ҚОСТАНАЙ.13 тамыз. Қостанай облысында ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің күзгі жиын-терін алдындағы кеңесі өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Қостанай өңірінде астық жинау науқаны басталды. Қазір сұлы мен арпаға орақ түсті. Тамыз айының 20-на қарай облыс өңірінде астық жинауға жаппай аттаныс басталады. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кеңесінде айтылғандай, бұл уақытта барлық астықтың 6 пайызы қамбаға түсуге тиіс. Ал тамыздың 25-не қарай 37 пайызы жиналса, 1 қыркүйекте бидайдың 90 пайызы жиналып, сол айдың ортасына қарай науқан аяқталуы керек. Көктемде төпеп жауған жауынға байланысты дән дәл уақытында себілген жоқ. Жаңбыр көп жауған облыстың солтүстік аудандарында көктемгі дала жұмыстары маусымның 10-нан кейін аяқталған болатын. Сондықтан егіннің ала пісетіні диқандарға белгілі болып отыр. Биылғы астықтың жиналуы да техниканың күші мен күзгі ауа райының қалай құбылуына байланысты болады. Облыс әкімінің орынбасары Базыл Жақыпов: «Биыл орташа гектар түсімі 10-11 центнерден айналады деп отырмыз. Жалпы өнім 4.5 миллион тонна болып қалады. Бірақ ауа райының ораққа қаншалықты қолайлы боларын дәл кесіп айту да қиын. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдері мамандарының айтуынша, 225 мың гектардай бидай алқабы енді бас алып келеді, 2 миллион гектардай алқап гүлдеу сатысында тұр. Мұның барлығы да көктемде дәннің кеш сіңірілуінен болғаны белгілі. Оның толық пісуіне 30-35 күн керек», – деді. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің астық жинау науқаны адындағы кеңесінде техниканың дайындығына және науқан кезіндегі жұмыстардың білікті ұйымдастырылуына барынша көңіл бөлінді. Нәзира Жәрімбетова. Дерек, сурет: egemen.kz. 13-08-2015-Kostanai 2