13 Тамыз, 2015

Құрылысы қарқынды Қызылорда

365 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
стройка Соңғы жылдары Қызылорда облысы үлкен құрылыс алаңына айналғандай. Аймақтың қай бұ­ры­шына барсаңыз да, жаңа нысан­дардың салынып жатқанын көресіз. Осының өзінен-ақ елдің эконо­микалық жағдайының артқа­нын, әлеуметтің әлеуеті өскенін байқауға болатындай. Мысалы, бір ғана биылдың өзінде Қызылорда облысында 83 нысан пайдалануға берілмек. Бұл өткен жылмен салыс­тырғанда 3,5 есеге артық. Бұл турасында аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев былай дейді. «Облыстың жаңа кел­бетін қалыптастыратын өндіріс орындарын салуда қарқын бар. Атап айтар болсақ, Шыны зауы­тының құрылысы басталып, тиісті 33 миллиард теңге қаржы бөлініп, жобаның барлық мәселесі толығымен шешілді. Сондай-ақ, Қызылорданың сол жағалауын игеру барысында Азия Даму Бан­кімен 174 миллиард теңге қаржы бөлу туралы келісімдер жасалуда». Қызылорда облысы құрылыс салу қарқыны бойынша респуб­ликада алдыңғы қатарға шықты. Бүгінде білім беру саласы бойынша 24 нысанның құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін оның 20-сы ел игілігіне беріледі. Сонымен қатар, осы жылы жетім балаларға қамқорлық жасау мақсатында «Балалар ауылы» пайдалануға берілді. Денсаулық сақтау саласы бойынша 6 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның 3-уі жыл соңында ашылады. Мәдениет саласы бойынша биыл 7 ауылдық клуб, кітапхана және мұражайдың құрылысы жүргізілуде. Спорт саласына келсек, жыл соңына дейін ипподромның және Бокс орта­лығының құрылысы аяқталады. Сонымен қатар, қалада­ғы Ғ.Мұ­ратбаев атындағы стадион­ның қосалқы алаңы қайта жаңғыр­тылады. Бұған қоса, биыл Илья Ильин атындағы ауыр атлетика халықаралық орталығы мен 3 000 орындық жабық футбол манежінің құрылысы басталады. Айта кету керек, тұрғын үй құры­лысы өткен жылмен салыс­тыр­ғанда 4 есеге артып отыр. Жақын­да 300 отбасы қоныс тойын той­лап, 6 тұрғын үй пайдалануға беріл­се, жыл соңына дейін тағы 2090 пәтерлік 41 тұрғын үйді пай­далануға беру жоспарланып отыр. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.