Суретті түсірген – автор
Жылжымалы көрмеге ақынның шахмат тақтасы, домбырасы, жазу мәшіңкесі, портфелі, қол сағаты, сия сауыты, қолжазбалары мен фотосуреттері қойылды. Әсіресе Ғабит Мүсірепов тарту еткен алтын қаламсап, Әбділда Тәжібаев сыйға тартқан насыбай шақшасы, 96 беттен тұратын қолжазба дәптер, ақын қолының табы қалған кітаптар экспозиция мазмұнын арттыра түскен.
«Алматы қаласы мен Алматы облыстық Музейлер бірлестігі мұрындық болған көшпелі көрмеге негізгі жәдігерлерді әкеліп отырмыз. Қаладан 320 шақырым қашықта орналасқан біздің ауылға Мұқағали музейін тамашалау үшін еліміздің түкпір-түкпірінен, алыс-жақын шетелдерден жылына мыңдаған адам келеді. Ақын ауылы қонақтарын құшақ жая қарсы алуға әр кез дайын. Мерейтойға орай ұйымдастырылып отырған көшпелі көрме Қарасаз ауылына баруға мүмкіндігі жоқ азаматтар үшін таптырмас олжа болды деп санаймыз», дейді М.Мақатаевтың әдеби-мемориалдық мұражайының ғылыми қызметкері Баттал Әділет.
Айрықша көрменің ашылу салтанаты «Жырлайды жүрек» деп аталған әдеби-сазды кешке ұласып, Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің студенттері ақын өлеңдеріне жазылған әндерді орындады.
Әдеби-сазды кеш аясында Мұқағали Мақатаев атындағы қоғамдық қордың директоры Бақыткүл Айдарова, «Мұқағали» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов, ақын Бақыт Беделхан, ақын Бақыт Жағыпарұлы қаламгердің шығармашылық мұрасы туралы ой бөлісті.
Ұлттық орталық музей директорының міндетін атқарушы Сержан Саров, жыр мерекесінің көрігін қыздырған көркем жоба Алматыда салтанат құрып, халқының сүйікті перзентін жыр бесікте тербеген Қарасаздағы ақын мұражайының арнайы келуі сәулелі жырдан қуат алып, Мұқағали әлемімен үндескісі келген көрерменге қуаныш сыйлағанын жеткізді.
Ақын даңқы асқақтаған сайын, ұлы қаламгердің саусағы тиген заттардың бәрі қымбат. Өз кезегінде Бақыткүл Айдарова ақын ұрпақтарының атынан Мұқағалидың өзі тұтынған кесесі мен өмірінің соңғы кездерінде ауруханада киген киімін, сондай-ақ ақын мұрасын қамтыған бірнеше кітапты Ұлттық орталық музейдің қорына табыстады.
АЛМАТЫ