13 Тамыз, 2015

Мемлекеттік қызметшілер корпусын кәсібилендіру – маңызды міндеттердің бірі

575 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Сыбайлас жемқорлық мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Халықаралық тәжірибеге келсек, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлық бір-бірімен мүлде сыйыспайтын түсініктер. Біздің  Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысы, қаржы полициясының полковнигі Мақсат ҚОЖАБАЕВПЕН әңгімеміз осы төңіректе өрбіді. DSC_1581– Мақсат Аманқұлұлы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айқындаған бес институттық ре­форманың бі­рінші бағыты «Кәсіби мем­ле­кеттік аппарат құру» деп аталады. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда? – Әлбетте, әлемнің бәсекеге қа­білетті отыз елінің қатарынан көріну үшін, ең алдымен мық­ты мемлекеттік аппарат қалып­тастыру мәселесі мейлінше өзекті. Сондықтан да «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруда ең бірінші кезекте мемлекеттік қызметті дамытуға көңіл бөлінуі, бұл – Қазақстан мемлекеттілігін нығайтып, қоғам мен мемлекетті түбегейлі өзгер­туге, ең ақыры жаһандық және iшкi сын-қатер­лерге қарсы атқарылатын ауқымды дүниелердің сапалы атқа­рылуына деген салмақты саясатты білдіртсе керек. Осы тұста айта кетерлігі, бұл бағытта біраз іс жүзеге асырылды. «А» және «Б» корпустары түзілді. Осылайша, мемлекеттік қызметтің қазақстандық моделі де қалыптасты. Алайда, осы бағытта әлі де болса олқылықтар баршылық. Мұны Елбасы былайша түсіндіреді: «Бүгінде әкімшілік мемлекеттік қызметтің саяси деңгейге тәуелді екендігін байқамау мүмкін емес. Бұл, тіпті, ешқандай саясатсыз-ақ, кәсіби басқаруды қажет ететін жағдайлардың өзінде шешім қабылдауды саясиландырады. Мемлекеттік аппаратта белгілі бір сүйеуші тұлға айналасында командалар қалыптасады. Мұндай патронат сыбайлас жемқорлық үшін жағдайлар туғызады, «бармақ басты, көз қыстыға» шарт түзеді, кадрлық әлеуетті төмендетеді. Бұл ретте мемлекеттік қыз­мет жалақысының төмендігі кесірінен тартымдылығы аз сектор болып қалуда. Мемлекеттік қызметшілердің мансап сатысымен өсуінің нақты перспективасының жоқтығы жиі кез­деседі. Ал қызметте жоғарылауы әлгі сүйеуші тұлғаларға байланысты болады». Осыған орай, Президент алдағы маңызды міндет – мемлекеттік қызметшілер корпусын кәсіби және автономды ету екенін алға тартты. Бұл ретте Елбасы сайлау секілді саяси оқиғалардың, ми­нистрлердің, әкімдердің және басқа басшылардың ауысуы әкімшілік мемлекеттік қыз­метшілердің жұмысына ықпал етпеуі керектігін алға тартты. Сосын мемлекеттік қызметте әрбір басшы төменнен бастап, барлық басқа­ру­шылық сатыларын басып өтуі тиіс. – Осы реформа аясында ай­тылған және бір жаңалық – мем­лекеттік қызметшілердің еңбек­ақысын төлеудің жаңа жүйесі. Сіз еңбек жолыңызды прокуратура саласынан бас­тап, қаржы полициясында жалғас­ты­рудасыз. Яғни, ұзақ жыл­дар­дан бері мемлекеттік қызмет сала­сында еңбек етіп келесіз. Тәжі­рибелі маман ретінде бұл жүйенің тиімділігі жөнінде не айтасыз? – Елбасы осыған байланысты жалақыны шенеуніктің, мемлекеттік қызметкердің еңбек өнімділігіне, басқарушылық үде­ріске қосқан үлесіне қатысты тө­ленуі тиістігін алға тартып отыр. Яғни, әрбір жылдың қоры­тындысына сәйкес, саяси қыз­метшілерге қызметінің нәти­желеріне және экономика­да жеткен табыстарына қарай бонустар, ал әкімшілік қызметшілерге сыйақы төлеу мәселесі қарас­тырылуы керек. Бұдан бөлек, Елбасы жұртшылық арасында дарынды адамдарды тауып, мемлекеттік қызметке тарту туралы міндетті де жүктеді. Ал осы істе азаматтардың тілді білмеуі де, өзге елдің азаматтығы да кедергі болмайды. «Мемлекетке қызмет – біздің қоғамымыздың бір­лігін нығайту үшін қажетті негіз болуға тиіс. Мемлекеттік қызмет – әділетті қазақстандық қоғамның прототипіне айналғаны абзал. Онда этникалық тегіне қарамастан, өз қабілет-әлеуеттерін толық жүзеге асыруда барлық азаматтарға бірдей мүмкіндіктер ұсынылуы қажет», – деді Нұр­сұлтан Назарбаев. Осыған орай, Елбасы тапсырмасы бойынша келесі жылдан бас­тап еңбекақы балдық көрсеткіш бойынша төленетіні белгілі болып отыр. Аталған еңбекақы төлеу бағаны тек мемлекеттік қызметтің өсім көрсеткішін ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттік қызметшіге жүктелетін ауыртпалық пен олардың нақты стратегиялық нәтижелері мен жетістіктеріне қарай төленеді. Яғни, мемлекеттік қызметшінің жауапкершілікті сезінуі, өзінше шешім қабылдай алуы, тәжірибесі, арнайы білімінің болуы сияқты факторлар жан-жақты ескерілмек. Нәтижесінде бір категориядағы мемлекеттік қыз­метшілердің еңбекақысы әртүрлі деңгейде төленетін болады. Талдай келгенде, осындай баған енгізу арқылы мемлекеттік органның стратегиялық мақсат­тары мен міндеттеріне қол жет­кізуіне қарай еңбекақының әділ төленуіне мүмкіндік жасалады. Екіншіден, мемлекеттік орган­ның тиімді ұйымдастыру-басқару құрылымының тұғыры орнатылады. Үшіншіден, экономикалық және ғылыми тұрғыда еңбекақы төлеудің негіздемесін жасайтын бірыңғай лауазымдық өлшем­дер пайда болды. Еңбекақы төлеудің мұндай түрін АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Малайзия, Сингапур, Жаңа Зеландия сияқты елдер қолданып келеді. Аталған тәсілді енгізу арқылы Қазақстанда еңбекақы төлеудің әділдік қағи­даты сақталуына мүмкіндік ашылады. Жұмыс нәтижесіне орай бонус төлеу де қарастырылады. Ол «Б» корпусына жататын мем­лекеттік қызметшілерге жеке және жылдық жоспарларды орындау бойынша төленетін болады. Бұл үшін қызметкерлерді топтарға бөліп, қол жеткізілген табыстарына орай еңбекақы төленеді. – Яғни, еңбегіне қарай жалақы төлеу арқылы заманауи және кәсіби мемлекеттік аппаратты қалып­тас­тыра аламыз деген мәселе ғой. – Мемлекеттік қызмет деге­німіз, таңертең келіп, кеңседе отырып, кешке үйге қайту емес. Ішіне үңілген адам мемлекеттік аппаратта жұмыстың қайнап жатқанына куә болар еді. Негізі әрбір мемлекеттік қызметкердің жұмысының тиімділігін арнайы комиссия жіті бақылап отырады. Осы топ арқылы қызметкерлердің еңбегінің қаншалықты тиімді екенін анықтауға болады. Адам өз өмір жолындағы кездескен қиындықтарды осы еңбектің арқасында жеңетінін уақыт дәлелдеген. Яғни, нәтижелі де сапалы еңбектің өз өтеуі болуы тиіс. Жалпы алғанда, Жамбыл облысында жоғары білімі бар мемлекеттік қызметшілердің саны 4557 адам, бұл жалпы санның 88,2 пайызын құрайды. Орта кәсіби білімі барлардың саны – 610 немесе 11,8 пайыз. 837 мем­лекеттік қызметшінің біреуден көп жоғары білімі, 15 қызметшінің ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі бар. Президентіміздің сындарлы саясатының астарына үңіле қарайтын болсақ, көп нәрсеге көз жеткізеріміз анық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық жетекші телеарналардың өкілдеріне берген сұхбатында: «Тәуелсіздік пен еңбек екеуі сабақтас. Еңбек адамның өзін өсіреді. Еңбек адамның өзіне өзін сенімді етеді. Еңбек адамға табыс береді, еңбек адамға дәреже береді, еңбек адамға лауазым береді. Арманына жеткізеді. Еңбексіз адам арманына жете алмайды» деген болатын. Яғни, адамның еселі еңбегі еленіп, шынында да сол еңбегіне сай жалақы алуы тиіс. Бұл адамды ынталандырады. Сенімін оятады, тың идеяларға, табыстарға қол жеткізуге жол ашады. – Жемқорлықты жою ба­ғы­тында арнайы заңдылық актілерді қабылдау, жауапкер­шілікті қатаң­дату, сыбайлас жемқорлық әре­кеттерді жасауға мүмкіндік көздерін ба­рын­ша азайту сияқты іс-шара­лар жү­йесі жасалынып жатыр. Бұл ба­ғыт­тағы ең басты жұмыс – жем­­­қор­лықтың алдын алу емес пе? – Сыбайлас жемқорлық про­фи­лактикасының пәрменді тетігі – қоғамдық бақылау. Мем­лекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігі, бі­рінші кезекте, сот төрелігінің мінсіз жүйесін қамтамасыз етуге байланысты. Сот жүйесіне деген сенімді арттыру, сот төре­лігінің сапасын жақсарту үшін сот қызметіндегі сыбайлас жем­қорлықты болдырмау, оның ішінде судьялыққа үміткер тұлға­ларға қойылатын талаптарды қатаңдату арқылы жүзеге асырылатын болады. Мемлекет пен қоғамның тығыз серіктестігі ғана сыбайлас жемқорлыққа табысты қарсы тұруға мүмкіндік бе­реді. Қоғамның қолдауынсыз жоға­рыдан жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар тек ішінара нәтиже беретіні сөзсіз. Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы мәдениетті қалыптастыруда өске­лең ұрпақпен жұмыс қағидатты маңыз­ды рөл атқарады. Тек жас кезінен мінез-құлықтың сыбайлас жемқор­лыққа қарсы стандарттарын енгізу, бұл әлеуметтік зұлымдықты жоюға мүм­кіндік береді. Сыбайлас жемқорлықты ұлттық мәдениетке жат құбылыс ретінде сезіну және қабылдамау – қоға­мы­мыздың сыбайлас жем­қорлыққа қарсы мәдениетінің негізі болуы тиіс. Жемқорлықпен күрес бағытын­дағы ең маңызды мәселе – жемқор­лықтың алдын алу. Бұл жұмыс­тың неден құралып, оның нәтижесінің қандай болатынын жете түсіне отырып, қай бағытта жұмыс жүргізетінімізді білуіміз қажет. Елбасының бұл салаға тың серпін беруі және бірлескен жұмыс­тарымыз­дың бағыты жемқор­лыққа мүлдем төз­беушіліктің жағдайын қалыптастырады деп сенеміз. Әңгімелескен Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». ТАРАЗ.