Экономика • Бүгін, 17:27

Салық берешегі қай межеден асса, есепшот бұғатталады?

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттік кірістер комитеті салық берешегіне байланысты қандай жағдайда банктік шоттар бұғатталатынын нақтылады. Ведомство өкілдерінің мәліметінше, жаңа Салық кодексі аясында дифференцияланған тәсіл енгізіліп, шағын қарыз үшін бизнес пен азаматтардың қызметін бірден шектеу тәжірибесі тоқтатылған, деп жазады Egemen.kz.

Салық берешегі қай межеден асса, есепшот бұғатталады?

Мемлекеттік кірістер комитетінің берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Қайсар Арын Instagram желісіндегі тікелей эфир барысында түсіндіргендей, егер салықтық берешек 20 айлық есептік көрсеткіштен (86 500 теңге) асса, алдымен өсімпұл есептеліп, салық төлеушіге хабарлама жолданады. Белгіленген мерзімде қарыз өтелмеген жағдайда ғана банктік шоттар бойынша шығыс операциялары уақытша тоқтатылады, сондай-ақ касса мен инкассолық өкімдерге шектеу қойылады.

Ал 20 АЕК-ке дейінгі берешек кезінде қатаң шаралар қолданылмайды. Бұл жағдайда тек хабарлама жіберіліп, өсімпұл есептеледі.

Комитет дерегіне сүйенсек, 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 20 АЕК-ке дейінгі қарызы бар шамамен 100 мың адам тіркелген. Олардың жалпы берешек сомасы 1,4 млрд теңгені құрайды.

Шетелден зат алу ережесі өзгерді: Салық қалай есептеледі?

Ал 20-дан 45 АЕК-ке дейінгі (194,6 мың теңгеге дейін) берешек кезінде салық органдары банктік шоттар мен кассадағы шығыс операцияларын тоқтатып, инкассолық өкімдер ресімдейді. Мұндай қарызы бар 14 313 салық төлеуші анықталған, жалпы сома – 1,8 млрд теңге.

Берешек 45 АЕК-тен асқан жағдайда, мүлікті сату, дебиторлар арқылы өндіріп алу тетіктері іске қосылады. Бұл санатқа 56 784 тұлға жатады, олардың жиынтық қарызы 276,5 млрд теңге.

Ал ең қатаң шара – елден шығуға тыйым салу – берешек 27 мың АЕК-тен (116,8 млн теңге) асқанда қолданылады. Қазір мұндай ірі қарызы бар 637 салық төлеуші бар, олардың жалпы берешегі 827,2 млрд теңгені құрайды.

Такси қызметі: Салық кодексі жүргізушілерге қалай әсер етеді?

Мемлекеттік кірістер комитеті жаңа жүйе шағын салық берешегі үшін бүкіл кәсіпкерлік қызметтің тоқтап қалуына жол бермеуді көздейтінін бірнеше рет атап өткен. Жаңа тәсіл салықтық тәртіпті күшейте отырып, экономикалық белсенділікке артық қысым жасамауға бағытталған.

Соңғы жаңалықтар