Ата заң • 04 Ақпан, 2026

Мақсат Толықбай: Жаңа Ата заңның қазақ тіліндегі нұсқасы толықтай қайта жазылды

130 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазір елде қоғам талқысына ұсынылған жаңа Конституция жобасына қатысты қызу пікірталас жүріп жатыр. «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мақсат Толықбайдың айтуынша, біздің айтқандарымыз көбіне екі-үш тармақтың төңірегінен аспай жатқандай әсер қалдырады. Ал шын мәнінде, жаңа Конституция 320 тармақтан, 95 баптан тұратын ауқымды құжат, деп жазады Egemen.kz.

Мақсат Толықбай: Жаңа Ата заңның қазақ тіліндегі нұсқасы толықтай қайта жазылды

Мақсат Толықбай расында, өте үлкен жұмыс атқарылғанын атап өтті. «Реформа жөніндегі комиссия мүшелері кімдер, олардың біліктілігі қандай?» деген пікірлер де аз айтылған жоқ.

«Мәселен, 1995 жылы жазылған қолданыстағы Конституцияны Ю.Басин, В.Ким, А.Котов, Мұхамеджанов бастаған небәрі 12 адам ғана жазып шыққан. Оның үшеуі – шетелдік сарапшылар еді. Ал бұл жолы Конституция жобасын 130-дан астам өз азаматтарымыз әзірледі. Мәжілісте талай әріптестеріміз айтқан, әсіресе «AMANAT» партиясынан берілген біраз ұсыныстар қолдау тапты.

Есесіне, мәтіннің тілі де жөнге кеп қалды. Қолданыстағы Конституцияның қазақша мәтінінде бірізділік жоқ, баптары шұбалаңқы, күрделі. Оны қарапайым халық түгілі, заңгерлердің өзі әрең түсінетін.

Жаңа Ата заңның қазақ тіліндегі нұсқасы толықтай қайта жазылды», деді ол.

Еркін Әбіл: Тарихи сабақтастықты Конституцияда бекіту – ұлт жадын қорғау

Қоғамда қызу талқыланған кейбір түйткілді мәселелерге қатысты депутат кесімді жауабын берді.

«Соңғы кезде «жекелеген аумақтарға конституциялық мәртебе беріледі» деген тақырып ақпараттық манипуляцияға айналып кетті.

Қайталап айтамын, жаңа Ата заңның кіріспесінде де, 2-бабында да Қазақстанның аумағы мен шекарасының тұтастығы өзгермейтіні тайға таңба басқандай жазылған. Яғни, елдің аумақтық тұтастығы ешқашан мәселе ретінде талқыланбайды деген сөз.

Сондай-ақ, бәз біреулер айтқандай,  «Президентке  қосымша  артық өкілет берілетіндей» жаңа норма қосылған жоқ. Президент жеті жылға бір-ақ рет сайланады, жақын туыстары саяси және басқару лауазымдарын атқара алмайды. Бұрынғы норма өзгеріссіз қалды», деді Мақсат Толықбай.

Жаңа Конституцияда адам өмірі мен оның құқығы ең жоғарғы құндылық ретінде бекітілген. Сонымен қатар цифрлы қауіпсіздік пен дәстүрлі отбасы құндылықтарына алғаш рет басымдық берілді.

Жаңа Конституция жобасында азаматтардың құқығын цифрлы ортада қорғау нормасы бекітілді

«Адам өмірінен асқан құндылық бар ма? Адамның құқығы мен бостандығы – басты құндылық. Енді кез келген адам ұсталған сәттен бастап оған өз құқығы түсіндірілуі тиіс. Білім мен ғылымнан қаржы үнемдеу – Конституцияға қарсы әрекетпен тең. Цифрлы деректер – біздің жеке мүлкіміз. Жаңа редакцияда азаматтардың цифрлы кеңістіктегі жеке өмірін қорғау туралы бап алғаш рет Ата заңда көрініс тапты. «Неке» ұғымы да нақты айқындалды – ол ер мен әйелдің арасындағы одақ деп белгіленді. Бір жынысты некені мемлекет мойындамайды».

Депутаттар саны мен Халықтық кеңестің рөлі туралы да нақты деректер келтірілді.

«Халықтық кеңес Парламентке балама емес. Ол ұсыныстарды жүйелеп, Құрылтайға заң жобаларын ұсынады. Ал депутаттар санына келсек, 145 адам – бүгінгі қоғамның сұранысына сай. Мәселен, 10 миллион халқы бар Португалияда – 230 депутат, Швецияда – 349 депутат. Сондықтан, Қазақстанның болашақ Құрылтайы еуропалық стандарттармен салыстырғанда 5 есе аз ықшамдалған Парламент болады».

М. Толықбай өз сөзінде Әлихан Бөкейхановтың «Адам заң үшін тумайды, заң адам үшін жазылады» дегенін еске салып, бұрыннан барды жаңа мазмұнмен нығайтқанымызды атап өтті.

«Қысқасы, біз жаңа мемлекетті  ойлап тапқан жоқпыз. Бұрыннан барды жаңа мазмұнмен нығайттық. Бүгінгі жағдайымызға, бекіген мемлекеттігімізге сай жаңарттық.

Ең маңыздысы, бұл Ата заңда – біз мыңжылдық тарихымызды нақты айқындадық.

Преамбулада алғаш рет «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттары бекітілді.

Егер Америкада «америкалық арман» болса, біз де  «Әділетті Қазақстан» идеясын ұран күйінде қалдырмай,  ұлттық идеологияға айналдырдыруымыз қажет. Себебі, әділдік жоқ жерде ешқандай құндылық  сақталмайды», деді Мақсат Толықбай.

Соңғы жаңалықтар