Тағзым • Кеше

Ақын мұрасына құрмет

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыдағы Ұлттық кітап­ханада ақиық ақын Мұқағали Мақа­таев­­тың туға­ны­на 95 жыл толуына және ақын атын­дағы халық­­аралық қоғамдық қордың 20 жылдығына орай «Мұқағали шығар­ма­ларын зерттеудегі жаңа бағыттар» ат­ты рес­публикалық ғы­лы­­ми конференция өтті.

Ақын мұрасына құрмет

Маңызды ғылыми жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен бел­гілі әдебиеттанушы ға­лымдар, жас зерттеушілер, жо­ғары оқу орындарының оқы­ту­шылары мен магистранттар қатысып, Мұқағали Мақатаевтың бай әдеби мұрасын қазіргі әдебиеттану ғылымының тың бағыттары тұрғысынан зерделеді. Конференция барысында ақын шығармашылығына қатысты мазмұнды баяндамалар жасалып, жаңа ғылыми тұжырымдар ортаға салынды.

Ғалымдар өз сөзінде Мұқағали поэ­зия­­­сының көркемдік әлеміне, тілдік өрнегіне, образ жасау шеберлігіне кеңінен тоқталды. Сондай-ақ ақын жырларындағы рухани-философиялық тереңдік, адам жанының иірімдерін дәл бейнелеу, ұлттық болмыс пен жалпыадамзаттық құнды­лық­тардың сабақтастығы, Мұқағали мұрасының ұрпаққа берер та­ғылымы жан-жақты сараланды.

«Мұқағалидай кеңінен наси­хат­талған ақын жоқ деуге болады. Бұған былтыр жарық көргеніне 20 жыл толған «Мұқағали» журналы мен биыл құрылғанына 20 жыл толып отыр­ған Мұқағали Мақатаев атындағы халық­аралық қоғамдық қордың нәтижелі жұ­мысы дәлел. Ақынның ұлы Жұлдыз – әке мұрасының шынайы шырақшысы, ал Бақытгүл жеңгеміздей атасын ар­дақтаған келін сирек. Бұл – ақынды құрметтеу, поэзияны, әдебиетті сүю деген сөз. Мұқа­ғали шығармалары қанша тілге аударылса да, исі қазаққа ең жақын ақын болып қала береді. Оның ұлылығы – қара­пайым он бір буын­ды қара өлең­мен оқырман жүрегін жаулай білуінде. Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Қасым Аман­жолов сынды ұлы ақындардай 45 жыл ғана ғұмыр кешсе де, Мұ­қағали ақынның рухани өмірі мың­жылдықтарға жалғаса бере­тініне сенеміз», дейді Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы.

м

Әр жылы ақпан айында, ақын туған күн жыр мерекесі секілді өздігінен аталып өтеді. Бұл – өзі өлеңге, өлеңі өмірге айналған таңғажайып талант иесінің халық жүрегінен мәңгілік орын алғанын көрсетеді. Конференцияға қатыс­қан зиялы қауым ақын шығар­ма­шылығын айшықтауға арналған игі жобалар мерейлі жыл аясында жалғасын табатынын жеткізді.

«Өмірін өлеңмен өрген Мұқа­ғали мұрасы – жыр сүйер қауым үшін мәңгілік таусылмай­тын тақырып. Биыл алып ақынды жыр бесікке бөлеген Райымбек ауда­нының құрылғанына 90 жыл толып отыр. Осы мерейлі белес аясында Мұқағали шығар­ма­шылығы кеңінен насихатталып, түрлі деңгейдегі іс-шаралар өте­тін болады. Жыл са­йын дәстүрлі түрде ақынның туған күні өзі дүниеге келген қасиетті Қарасаз ауы­лында бастау алып, тұтас қазақ даласын шарлайды. Биыл да облыстық, республикалық деңгейдегі рухани іс-шаралар ұйымдастырылып, ақын мұрасы тағы бір мәрте төрге озбақ. Ең бастысы, мұның бәріне ақын туған аспантаулық ағайын ерек­ше ықылас танытып отыр. Мұқа­ғали Мақатаевтың туған күнін жер­лес­тері жыл сайын зор қуанышпен, ерекше сағынышпен күтеді», дейді Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Жусанбаев.

Конференция аясында Ұлт­тық кітапхана қоры негізінде «Қа­зақ жы­рының Хан тәңірі» атты кі­тап көрмесі ұйымдастырылып, «Ата­мұра» бас­пасынан жарық көр­ген «Хан Тәңірі» кітабының тұ­сауы кесілді.

Айшықты басқосу Респуб­лика сарайында жыл сайын өте­тін әдеби-сазды кешке ұласып, Роза Рымбаева, Мақпал Жү­ні­сова, Рамазан Стамғазиев, Тол­қын Забирова, Айжан Нұрма­ғам­бетова, Медеу Арынбаев, Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтер, Мәдина Сәдуақасова, Бейбіт Қорған, Шәбә Әденқұл, Ләлә Бақытнұрқызы, Сая Махамбет бастаған өнер саңлақтары Мұқағали өлеңдеріне жазылған әндерді тамылжыта шырқады.

 

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар