Спорт • Бүгін, 07:35

Жарыс күнделігі

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің танымал еркін күрес шебері, әлем чемпионатының қола жүлдегері Асылжан Есенкелді АҚШ-тың RAF (Real American Freestyle) лигасынан шақырту алды. Былтыр ғана іргетасы қаланған ұйым қысқа мерзім аралығында аса зор бедел жинап үлгерді. RAF-тың мұрындық болуымен өтетін коммерциялық жарыстарда балуандардан бөлек, аралас жекпе-жек шеберлері де айқасады. Солардың арасында атағы алысқа жайылған арландар да аз емес. Алаш жұрты үміт артқан Асылжан алдағы екі-үш айда осы лигада күш сынасуды жоспарлап отыр.

Жарыс күнделігі

Сурет: zakon.kz

  • Аустралияның ашық біріншілігінің жастар арасындағы жарысында жартылай финалға дейін жеткен Заңғар Нұрланұлы ITF Juniors рейтингіндегі жағдайын жақсартты. Мельбурндегі табысының арқасында қазақ теннисшісі үш сатыға жоғарылап, қазір тоғызыншы орынға тұрақтады.
  • Халықаралық футбол тарихы мен статистикасы федерациясы (IFFHS) әлемдегі футбол лигаларының рейтингін жариялады. Былтырғы жылмен салыстырғанда еліміздің Премьер-лигасы бірден 12 сатыға жоғарылап, қазір 74-орында тұр. ТОП-10-дыққа мына мемлекеттердің ішкі чемпионаттары енді: Англия, Испания, Бразилия, Италия, Гер­мания, Франция, Аргентина, Португалия, Нидерланд, Колумбия.
  • Аралас жекпе-жек әлеміндегі ең белді промоушен – UFC-мен қош айтысқан Азат Мақсұм (15-3) енді Өзбекстанда іргетасы қаланған Mangu MMA лигасында күш сынасады. 7 ақпанда Ташкенттегі «Хумо Аренада» жергілікті файтер Рамазан Теміровпен (19-2) айқасады. Бұл бәсеке джиу-джитсудың ережесімен өтеді. Тағы бір танымал спортшымыз Манап Нұрқожа Қытайдың JCK лигасымен үш жылдық келісімшартқа отырды.
  • Шорт-тректен АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында жасөспірімдер арасында өтіп жатқан әлем біріншілігінде еліміздің құрамасы екінші медаль иеленді. Бұған дейін жерлестеріміз 3000 метрлік эстафетада мәре сызығын үшінші болып қиып өтсе, көп кешікпей Богдан Вехов дәл сондай нәтижеге қол жеткізді. 1000 метрлік қашықтықта отандасымыз тек Оңтүстік Корея өкілі Пак Соджун мен Қытай спортшысы Юйхэн Лиден қалып қойды.
  • Бүгін Италияның Турин қаласында рапирамен семсерлесуден Гран-при додасы басталады. Бұл бәсекеде Ғалым Нұрымов, Тимофей Семёнов, Тамирлан Қалиев, София Ақтаева, Алёна Гноева, Күлжан Түсіпбекова бақ сынайды. Жарыс 7 ақпанда мәреге жетеді. 
Соңғы жаңалықтар