Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 07:50

Бұйырмаған қазы

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Біз оны көке деуші едік. Барлық туған-туыстың баласы да солай атайды. Көке деп отырғаным – әкемнің немере ағасы. Есімі – Байдақ Молдашев. Соғыс және еңбек ардагері. 

Бұйырмаған қазы

Ұзақ жылдар бойы Қостанай облысы Амангелді ауданында есеп саласында қызмет атқарған. Көкемнің тағы бір қасиеті – ақындығы. Өлеңдері аудандық, облыстық газеттерде жарияланған. Арагідік республикалық басылымда да жарық көрген. 1987 жылы «Жазушы» баспасынан «Батырдың ұрпақтары» атты жыр жинағы шыққан.

Көкем ел тарихына да жетік әңгімешіл қария еді. Торғай жерінде өткен айтулы тұлғалар мен оларға қатысты оқиғаларды майын тамызып айтатын. Белгілі журналист Мақсұтбек Сүлейменов «Әбдіғапар хан» атты кітабында әйгілі әмір туралы көптеген тың дерек берген көкеме ризашылығын білдірген.

Сондай-ақ ол кісі біз­дің елден шыққан ақын-жа­зушы­лармен өте жақсы аралас­ты. Атақты ақындар – Сырбай Мәу­ленов, Ғафу Қайыр­бе­ковпен тонның ішкі бауындай жақын болды. Сонымен бірге Қоғабай Сәрсеке, Сейіт Кенжеахмет, Серік Тұрғынбек, Серікбай Оспанов, Бақыткерей Ысқақ, Қонысбай Әбіл секілді қаламгер інілері көкемнің шаңырағында талай мәрте қонақ болған. Бір жылы аудан орталығына Сейіт аға ескі көлігімен келсе керек. Көкем соны көріп: «Сейітжан, сенің ел ішінде атың бар ғой, мынадай салдырлаған көлік мініп жүрген саған жараспайды», деп машинасын жөндеуге кіргізіп, салоннан шыққандай жаңартып беріпті.

Тоқсаныншы жылдардың басында ортаншы тәтем Ал­ма­ты­дағы Қазақ қыздар педаго­гикалық институтында оқыды. Оқып жүріп тұрмысқа шықты. Жездем – көрші Жангелдин ауда­нынан. Екеуі де студент. Кейде жездем мен тәтем демалысқа келгенде көкем Сырағаңа «елдің дәмі» деп сәлемдеме беріп жібереді. 1993 жылы ақпан айында екеуі де қысқы семестрін тапсырып, каникулға келген еді. Ауылдан кетерінде көкем оларға: «Сырбайға апарып беріңдер» деп ұнға салып сақтаған қазы береді. Арқалықтан Алматыға пойыз екі күн жүріп барады. Олар пойыздан түскенде Сырбай Мәуленовтің қайтыс болғаны туралы суық хабарды естиді. Келесі күні көкемнің өзі облыстық деле­гация құрамымен ұшып келіп, ардақты ақынды ақтық сапарға шығарып салады. Ал «сүрленген қазыны өзіміз асып жедік», дейді жездем күліп.

Соңғы жаңалықтар