Жоба • Бүгін, 09:10

«Ауыл аманаты» жастарды қолдайды

0 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Ауыл аманаты» жобасы ауылдағы кәсіпкерлікпен айналысуға ниет еткен жұмыссыз жастарды қолдап, небәрі 2,5 пайыздық өсіммен шағын несие беретіні белгілі. Оны қайтару мерзімі – 5 жыл, мал өсірумен айналысатындарға 7 жыл мерзімге дейін ұзартылған.

«Ауыл аманаты» жастарды қолдайды

Былтыр Солтүстік Қазақ­стан облысында «Ауыл аманаты» бағ­дар­­ламасы бойынша 1,3 млрд теңге көле­мін­дегі 134 өтінім қабыл­дан­ған. «Ауыл аманаты» бойынша микронесие беретін «Солтүстік» ӘКК бөлім басшысы Талғат Жұмабековтің айтуынша, теріскей жас­тарының ауыл шаруашылығын өркен­де­ту­ге деген белсенділігі жоғары. Бағдарламаға облыстың барлық ауданындағы жастар қатысқан. Олар мал, өсімдік өсіру, туризм мен балық өндірісін дамыту мақ­сатында шағын несие алған.  Сонымен қатар  жиһаз жасауға ар­налған жабдықтар сатып алу, көлік жуу орындарын ашу сияқты бағыттарға да қаржы берілген.

Барлық 134 жобаның 43-іне қолдау білдіріліп, 477,7 млн теңге бөлінген. Жалпы айтқанда, осы жобаны іске асыруға облысқа республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге қарастырылған.

Биыл бағдарламаға қатысу талаптары біршама жеңілдетілген. Енді микронесие алуға жұмыссыз азаматтар, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген өзін-өзі жұмыспен қамтығандар да қатыса алады. Мысалы, такси айдап жүргендер ауыл­ға барып, шаруашылық бас­тай­мын, мал өсіремін десе құба-құп. Сонымен қатар қызметін уа­қыт­ша тоқтатқан жеке кәсіпкер­лер де өтініш бере алады.

«Микронесие мақұлданғаннан кейін азамат міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Келісімшарт мерзімі біткенше сол мәртебені сақтауға тиіс. Сондай-ақ бизнес жобасы қарыз алушы тіркелген жерде жүзеге асырылуы қажет. Басқа облыстың аума­ғына барып бизнес жүргізуге рұқсат жоқ. Бағдарлама аясында ғи­мараттар мен тұрғын үйлерді сатып алу немесе салу, оларды жалға беру, жеңіл автокөлік алуға бол­майды. Жақын туыстардан ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алу, сондай-ақ көтерме мен бөл­шек саудаға несие беруге тыйым салынады», дейді  Талғат Жұмабеков.

Микронесиенің  ең жоғары сомасы – 2 500 АЕК-ке дейін, яғни 10,8 млн теңгеге дейін артқан. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен кооперативтерді дамыту жобалары үшін бұрынғыдан да көбейіп, 34,6 млн теңгеге дейін беріледі.

Облыста былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру аясында 242 жаңа жұмыс орны ашылған. Облыстық  ауыл шаруашылығы және жер қаты­нас­тары басқармасының басшысы Дәурен Тоқужановтың айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы ауылдық аумақтарды дамытуға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға үлкен көмек. Облыста «Аmanat» партиясының филиалы және Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бағдарламаны іске асыру бойынша барлық ауылдық округ әкімдерін оқыту жұмыстары жүргізілген. «Бағдарлама аясында ауылдық жерлерде бірегей кәсіпорындар ашылып, тұтас отба­сы­ларды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік берілді. Бағ­дар­­ламаны іске асырудың жар­­­қын мысалдарының бірі – Қызылжар ауданы Бескөл ауылын­да ашылған «Семейная ферма» ЖК шаруашылығын айтуға болады. Мұнда үш инкубатордың көмегімен бөдене өсіру жолға қойылған. Құс шаруашылығының жалпы сыйымдылығы – 1 500 бөдене, қазір мұнда 500-ге жуық америкалық Техас және эстон тұқымды бөдене бар»,  дейді Дәурен Тоқужанов.

Кооперация құру бо­йынша да бірнеше жоба қолға алын­ған. «Бұл бағытта 6 өтінім түсті, олардың бәрі қаржылай қол­дау­ға ие болды. Бес кооператив мал шаруашылығымен айналысады, ал бір  кооператив сүт өнімдерін қайта өңдеуді қолға алды. Алдағы уақытта ауыл ша­руа­шылығы кооперативтерін да­мыту жалғасады, «Ауыл ама­наты» бағдарламасына қаты­сатын әр ауылдық округте кооперативтер құрылып, жеке қосалқы шаруашылықтар тартылады», деді басқарма басшысы.

Бағдарламаның тиімділігін арттыру мақсатымен облыстық экономика басқармасы ауылдық жерлерде дамытуға болатын салалар бойынша сараптама жүргізген. Сараптама қорытындысы бо­йынша құс шаруашылығы мен ет өндірісімен айналысатын азаматтар қатары басым екені анықталған. «Осы салада жұмыс істеп жатқан 190-ға жуық ауылдық округ бар. Егіншілік пен жылыжай шаруашылығы 186 ауылдық округте қолға алынған. Кейбір елді мекеннің тұрғындары ара, балық шаруашылығымен, тері өңдеумен айналысады. Енді облыс басшылығы жылыжайларда гүл өсіру мен көкөністерді консервілеу, жүн мен тері өңдеу, құрылыс ма­териал­дарын шығару секілді бағыт­тарды қолдауға көбірек көңіл бөлмек.

 

Солтүстік Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар