«Қазгидромет» синоптиктері 3 ақпанда ел аумағындағы 15 облыста қолайсыз метеожағдайға байланысты дауылды ескерту жариялады.
Синоптиктердің болжамына сәйкес, Алматы облысының солтүстігінде түнде көктайғақ болып, өңірдің солтүстігі, оңтүстігі мен таулы аймақтарында тұман түседі. Күндіз облыстың батысында жел күшейіп, екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін.
Атырау облысының батысы, солтүстігі және оңтүстігінде тұман мен көктайғақ күтіледі. Күндіз желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін үдейді. Ал 4 ақпанда өңірде күндізгі ауа температурасы 5-10 градус аязға дейін төмендесе, 5 ақпанда түнде 17-22 градус суық тіркеліп, аяз одан әрі күшейеді.
Маңғыстау облысының батысы, солтүстігі және орталығында көктайғақ пен қою тұман болжанады. Кей аудандарда оңтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні секундына 15-20 метр болады. 5 ақпанда өңірде түнгі және күндізгі температура 7-12 градус аязға дейін төмендейді.
Шығыс Қазақстан облысында қар жауып, жаяу бұрқасын жүреді, ал түнгі уақытта кей аудандарда тұман түседі. Абай облысында да қарлы боран күшейіп, желдің екпіні секундына 20 метрге дейін жетуі ықтимал.
Жетісу облысының солтүстігі мен таулы аймақтарында бұрқасын соғып, жолдарда көктайғақ болады. Қызылорда облысының бірқатар аумағында тұман мен көктайғақ күтіледі.
Батыс Қазақстан облысында түнде қар жауып, бұрқасындатады, күндіз жауын-шашын аралас қар мен жаңбыр жауып, көктайғақ түсуі мүмкін. 4 ақпанда өңірде ауа температурасы күрт төмендеп, күндіз 15-20 градус аяз болады.
Қарағанды, Ақтөбе, Ұлытау облыстарында қар, тұман және көктайғақ болжанса, Түркістан мен Жамбыл облыстарының таулы аудандарында қатты жауын-шашын, бұрқасын және желдің күшеюі күтіледі. Кей жерлерде жел екпіні секундына 23 метрге дейін жетуі мүмкін.
Сондай-ақ Қостанай мен Ақмола облыстарында тұман, қар және бұрқасын жүреді деп болжанды.