Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Қытай, Моңғолия, Түркия, Иран, Ауғанстан мен Еуропа елдеріне қоныс аударған қазақтар өз ортасында газет-журналдар шығаруға талпынды. Бұл басылымдар бір жағынан ақпараттық қызмет атқарса, екінші жағынан ұлттық бірегейлікті сақтаудың құралына айналды. Қытай мен Моңғолиядағы қазақ газеттері мен журналдары жергілікті саяси жағдайға бейімделе отырып, ана тіліндегі әдебиет пен публицистиканы дамытуға үлес қосты. Бүгінде шетелдегі қазақ баспасөзі бірнеше ірі аймаққа шоғырланған. Қытайдағы «Іле газеті», «Алтай газеті», «Шұғыла», «Іле айдыны», «Шыңжаң қазақ жастары» журналы мен Бейжіңнен шығатын «Ұлттар әдебиеті» сияқты журналдар өз міндетін әлі күнге дейін атқарып келеді. Моңғолиядағы «Шұғыла», «Жаңа өмір», Өзбекстандағы «Нұрлы жол», Ресейдегі қазақ тіліндегі аймақтық басылымдар – соның айғағы. Сонымен қатар Еуропа мен АҚШ-тағы қазақ диаспорасы интернет-платформалар мен электронды журналдар арқылы ақпарат таратады.
Қытайдың Құлжа қаласында шығатын «Шыңжаң қазақ балалары» журналының биылғы санын парақтап көрдік. Мазмұны мен журналдың дайындалуы ерекше. Қазақ авторларының балаларға арналған шығармалары үздіксіз жарияланатын журнал сол елдегі қазақ балаларына ана тілінің шексіз құдіретін түсіндірері анық. Мысалы, онда «Жұмбақтар тізбегі», «Естімеген елде көп», «Қазіргі балалардың бойы неге аласа?», «Балдырған саусақтар» сияқты айдарлар бар екен.
Ал 1991 жылдан бері Өзбекстанда шығатын «Нұрлы жол» газеті – көрші елдегі қазақ қауымдастығының рухани өмірінде ерекше орын алған басылым. Алғашқы санынан бастап ана тілімізді, ұлттық құндылықтар мен мәдени мұрамызды сақтауға және дамытуға зор үлес қосып келеді. Басылым беттерінде қоғамдық-саяси, әлеуметтік мәселелермен қатар әдебиет пен мәдениетке кеңінен орын берілуі – ұлт руханиятына деген шынайы жанашырлықтың белгісі. Газет ұжымының еңбегі арқылы шетелдегі қандастарымыз ел жаңалығынан қол үзбей, қазақ тілінде сапалы ақпарат алып отыр. «Достық туы» деген атаумен жарық көрген газеттің алғашқы сандары Шымкенттегі баспаханада басылған. Араға біршама уақыт салып «Нұрлы жол» деп өзгерген басылым Өзбекстандағы қазақтар қоныстанған барлық ауыл-аймаққа тарайды. Таралымы төрт мыңға жуықтайтын басылым қызметкерлері арасында Қазақстанда білім алған журналистер де бар.
Бұл басылымдардың барлығын біріктіретін ортақ мақсат – ана тілін сақтау, ұлттық мәдениетті насихаттау және Қазақстанмен рухани байланысты үзбеу. Ең өзекті мәселелерінің бірі – тіл. Диаспора өкілдерінің бірнеше буыны туған елден жырақта өсіп-өніп жатқандықтан, қазақ тілін сақтау барған сайын күрделенетіні белгілі. Осы тұста баспасөздің рөлі айрықша. Газет пен журнал бетінде жарияланған әрбір мақала, әрбір өлең мен әңгіме – тіл қорғаны. Сондықтан оларға қолдау қажет. Мысалы, кәсіби кадр даярлау, ортақ медиа-платформалар құру, архивтік материалдарды цифрландыру – уақыт талабы.
Шетелдегі қазақ баспасөзі – ұлтымыздың шекарадан тыс өмір сүріп жатқан жүрегі. Ол өткен мен бүгінді, аға буын мен жас ұрпақты жалғайтын, атажұртпен байланыстыратын рухани арна. Осы арна үзілмесе, қазақтың сөзі де, рухы да әлемнің қай түкпірінде жүрсе де өміршең бола бермек.