Суретті түсірген – Валерий Бугаев
Екібастұздағы «Greenhouse-Qaztomat» жылыжай кешені басшылығы жуықта шаруашылықты кеңейту жоспарын таныстырды. Айтуларынша, жобаға салынатын жалпы инвестиция көлемі – 10,7 млрд теңге. Жобаны іске асыру нәтижесінде кешен аумағы 10 гектарға ұлғайып, жылдық өнім көлемі 20 мың тоннадан аспақшы. Жаңа жылыжайды іске қосу желтоқсан айына жоспарланған. Қазіргі уақытта кәсіпорында 450 адам еңбек етсе, кеңейту аясында қосымша 120 жаңа жұмыс орны ашылады. Компания жергілікті кадрларға басымдық беріп, бәсекеге қабілетті жалақы мен кәсіби өсу мүмкіндігін ұсынып отыр.
Жалпы, екібастұздық жылыжайдағы көкөністер жасанды жарықтандыру арқылы голланд технологиясымен қорғалған топырақта өседі. Ал тұқым толықтай Нидерландтан, өсімдіктерді тозаңдандыруға арналған аралар Англиядан жеткізіліп отыр. Тыңайтқыштар да шеттен сатып алынады. Тек өсіп шыққан өнім ғана отандық саналады. Бұл да жылыжай шаруашылығы үшін – маңызды мәселе.
Мұндағы өнімдер нарықта ұзақ уақытқа сақталатын қасиетімен танымал. Мәселен, қызанақ өніп шыққан соң 12 ай бұзылмайды. Екібастұздың қызанақтары еліміздегі «Small» және «Magnum» сияқты ірі сауда желілерінде тұрақты сатылады. Көкөністер облыстағы әлеуметтік дүкендерде де қолжетімді бағамен шығып отыр: қиярдың килосы –
980 теңге, қызанақ – 925 теңге.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы