Сурет: alash.kz
- Бұл оның осы қызметке үшінші мәрте келуі. Осыған дейін отандық маман 2016–2017, 2020–2022 жылдары командаға жетекшілік етті. Одан бөлек, «Есіл-Богатырь», «Ақсу», «Ертіс», «Ақжайық» клубтары мен еліміздің жастар құрамасын жаттықтырды. Былтыр Талғат Маруанұлы былтыр бас бапкердің міндетін атқарушы қызметіне келген кезден бері футболшыларымыз әлем чемпионатының іріктеу турнирінде Лихтенштейнді (4:0) ұтып, Солтүстік Македония (1:1) мен Бельгияға (1:1) қарсы кездесуді тең аяқтады.
- Еліміздің тау шаңғышысы Александра Скороходова Поцце-ди-Фассе қаласында жалауы желбіреген Италияның ашық біріншілігін күміс медальмен қорытындылады. Слаломшылардың сайысында жергілікті спортшы Франческа Фанти топ жарса, оның отандасы Валентина Филл үшінші орынға табан тіреді.
- Бұл күндері Польшаның Якушицесінде парашаңғыдан Әлем кубогінің кезеңдік сайысы өтіп жатыр. 1 000 метрлік спринтте Ербол Хамитов күміс медаль иеленді. Ол америкалық Джошуа Суниден ғана қалып қойды. Қола жүлде украиналық Павло Бэлге бұйырды. 6 шақырымдық сайыста да қандасымыз мәре сызығын екінші болып қиды.
- Өзбекстанда туып-өскен былғары қолғап шебері Саят Ілиясов жуырда елімізге қоныс аударды. Ол 2022 жылы жастар арасындағы Азия біріншілігінде қола медальды иеленіп, құрлық біріншілігінде (U-22) бас жүлдені қанжығасына байлады. Былтыр IBA-ның мұрындық болуымен Дубайда ұйымдастырылған ересектердің әлемдік додасына қатысып, екінші кезеңде жеңіліс тапты. Енді Саят елішілік жарыстарда Маңғыстау облысы атынан сынға түседі.