Медицина • Кеше

Қазақстанда 400-ден астам жаңа дәрі-дәрмек шығарылады

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үкімет отандық фармацевтика саласын дамытуға бағытталған ірі келісімдерді мақұлдады. Алдағы бірнеше жылда Қазақстанда 400-ден астам жаңа дәрі-дәрмек өндіру жоспарланып отыр. Бұл бастама елдің дәрі-дәрмекпен қамтудағы тәуелсіздігін арттыруға және халық үшін қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстанда 400-ден астам жаңа дәрі-дәрмек шығарылады

Фото: pinterest.com

Мәселе Премьер-министр Олжас Бектенов өткізген Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысында қаралды. Жиында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова саланы дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтердің тізбесі ҚҚС-тан босатылды

Министрдің айтуынша, ұзақмерзімді демографиялық болжамдар мен алдағы 10-15 жылда елде дәрілік заттарға сұраныс көлемін ескере отырып, инвесторлармен бірлескен жаңа тетіктер әзірленген. Соның нәтижесінде инвестициялар туралы келісімдердің жаңартылған форматы енгізіліп, ол салықтық және кедендік жеңілдіктермен қатар инфрақұрылымдық қолдауды және өнімді өткізудің ұзақмерзімді кепілдіктерін қамтиды.

«Бүгінде Үкімет отырысында жалпы құны 620 млн АҚШ долларын немесе 316 млрд теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба мақұлданды. Бұл, ең алдымен, Қазақстанның дәрі-дәрмекпен қамтудағы дербестігін күшейтуге бағытталған қадам. Алдағы 2-4 жылда елімізде 400-ден астам жаңа дәрілік заттар өндіріледі», деді Ақмарал Әлназарова.

Сондай-ақ соңғы екі жылда фармацевтика саласына тартылған инвестиция көлемі айтарлықтай өскені атап өтілді. Бұл көрсеткіш 47 млн доллардан 87 млн долларға дейін, яғни екі есеге жуық артқан. Жаңа жобалар аясында мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.

Елімізде дәрі-дәрмек бағасы қалай реттеліп жатыр?

Саладағы жүйелі жұмыстар фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде жалғасын табады. Бүгінде Қазақстанда фармацевтика үшін кадр даярлаудың толыққанды жүйесі қалыптасқан. Бұл бағытта мемлекеттік қолдау көрсетіліп, дуальды білім беру тетіктерін дамытуға ерекше мән беріліп отыр. 

Жаңа 4 фармацевтикалық зауыт салынады: Елімізде қандай дәрі-дәрмектер өндіріледі?

Бұдан бөлек, 1 қаңтардан бастап тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және МӘМС аясында дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтерді импорттау және өткізу қосылған құн салығынан босатылды. Сонымен қатар жалған препараттардың айналымына бақылауды күшейту және жауапкершілікті арттыруға бағытталған заңнамалық түзетулер әзірленген. Бұл шаралар ішкі нарықты қорғап, сапалы әрі қауіпсіз дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге мүкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар