Сурет: ernur.kz
- Жапонияның Rizin FF лигасында айқасып жүрген аралас жекпе-жектің хас шебері Қаршыға Дәуітбек (18-3) келесі кездесуін 7 наурызда Токиода «Айдаһар» деген бүркеншік есіммен танылған жергілікті спортшы Рюя Фукудаға (26-9-1) қарсы өткізеді. Қандасымыз бұл промоушеннің чемпиондық белбеуіне бұрынырақ таласуға тиіс еді. Себебі Қаршыға Жапонияда ұйымдастырылған жарыстардың барлығында қарсыластарын қоғадай жапырды. Тек 31 желтоқсанда өткен соңғы кездесуінде Юта Кубо қазақ файтерінің көзін шұқып алып, жекпе-жектің нәтижесі есепке алынбады.
- Италияның Поцце-ди-Фассе қаласында тау шаңғысынан халықаралық турнир аяқталды. Әйелдер слаломында сынға түскен Александра Скороходова алдына жан салмай, алтыннан алқа тақты. Екінші, үшінші орындарды италиялық Джун Гаритано Итурбе мен америкалық Эмма Гуггенхаймер иеленді.
- Ташкентте бокстан Өзбекстан чемпионаты мәреге жетті. 90 кг салмақ дәрежесінің финалында Мадияр Сайдрақымов пен Шахзод Палвонов кездесті. Бұл бәсеке алғашқысының пайдасына шешілді. Сөйтіп, 28 жастағы қандасымыз көршілес елдің чемпионы атанды. Қалың қазақ шоғырланған Бостандық ауданында дүниеге келген Мадияр бұған дейін 2019 жылы әскерилер арасында әлем чемпионы, 2021 жылы әлем чемпионатының қола жүлдегері болды, 2022 жылы Азия біріншілігінің финалында ойнады.
- АҚШ-тың Лонг-Бичінде өткен жарыста екінші жартылай жеңіл салмақта сайысқа түскен кәсіпқой боксшы Айдос Медет армениялық Азат Ованнисяннан төрешілердің шешімімен ұтылды. Осыған дейін 13 жекпе-жекте жеңіске жеткен қандасымыз өз мансабында алғаш рет жеңіліс тапты.