Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың дерегіне қарағанда, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 15 нысанның құрылысы басталыпты. Былтыр 13 нысан пайдалануға берілген. Денсаулық сақтау нысандарын салудағы басты мақсат – ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру. Сол себептен қазір бірнеше аурухана, емхана мен дәрігерлік амбулаторияның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу қолға алынып жатыр.
Жақында Атырау қаласының әкімшілік бөлінісіндегі Алмалы, Береке ауылдарында әрқайсысы 25 орындық жаңа дәрігерлік амбулатория іске қосылды. Ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге арналған амбулаторияға стандартқа сай 170 адамға бір учаскелік дәрігер бекітілді. Мұнда терапиялық қабылдау, жалпы практика дәрігерінің қызметі, профилактикалық тексерулер, жүкті әйелдер мен балаларды бақылау, вакцинация, жедел жағдайларда алғашқы көмек көрсету ісі ұйымдастырылады.
Сондай-ақ Құрманғазы ауданындағы Афанасьев теміржол бекетінде жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт жұмысын бастады. Аудан орталығынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан бекетте 208 тұрғын бар. Жаңа медициналық нысанда елді мекен тұрғындары дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмекпен толық қамтылады.
Бұған қоса Атырау облыстық жедел медициналық жәрдем стансасының санитарлық көлік паркі жаңа техникамен толықты. Жаңа көліктер «Теңізшевройл» компаниясының әлеуметтік жауапкершілігі аясында сатып алынған.
«Ұжымдық әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде өңірдегі ірі кен орнын игеріп жатқан компания жедел жәрдем қызметіне автокөліктер алып берді. Бұл өңір тұрғындарына көрсетілетін шұғыл медициналық көмектің тиімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік тудырады. Биыл үш қосалқы бекеті бар заманауи жедел медициналық жәрдем стансасының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Бұл да медициналық қызмет сапасын жетілдіру жолындағы кезекті қадам болмақшы», деді облыс әкімі Серік Шапкенов.
Жедел жәрдем қызметінің автопаркіне берілген техниканың арасында JAC маркалы 10, GAZelle Next базасындағы 15 автокөлік санитарлық көлік бар. Бәрі алғашқы медициналық көмек көрсетуге қажетті заманауи жабдықтармен толық жарақталған.
Қазір облыста 48 жедел жәрдем бригадасы тәулік бойы жұмыс істейді. Оның ішінде бір реанимациялық-интенсивті, бір педиатриялық, 46 фельдшерлік бригада бар. Былтыр атыраулықтардан 103 қызметіне 329 мың 610 шақырту түскен. Жедел жәрдем қызметкерлері 17 мыңнан астам тұрғынға телефон арқылы кеңес берген. 299 мың 906 науқасқа жедел медициналық көмек көрсеткен.
Атырау облысы