Қоғам • 27 Қаңтар, 2026

Ұлттық компания дрон басқара білетін мамандар іздеп жатыр

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Азаматтық секторда ұшқышсыз әуе кемелерін (ҰӘКЖ) пайдалану қарқыны артып, кәсіби даярланған мамандарға сұраныс күшейіп келеді. Осыған байланысты «Қазақстан инжиниринг» R&D орталығы» ЖШС дрон басқара алатын, ұшқышсыз әуе кемелері жүйелерін кәсіби деңгейде меңгерген операторларды даярлауға арналған оқу бағдарламаларын ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлттық компания дрон басқара білетін мамандар іздеп жатыр

Фото: Қорғаныс министрлігі (архив)

Бүгінде дрон операторының жұмысы тек құрылғыны басқарумен шектелмейді. Мамандар ұшу жоспарларын әзірлеуді, деректерді өңдеуді және күрделі техникалық қызмет көрсетуді меңгеру тиіс. Қарапайым құрылғыларды басқару өнеркәсіптік дрондарды игеруге жеткіліксіз. Ұшқышсыз әуе кемелері автоматты режимде ұша алғанымен, маршрут құру, қажетті ақпаратты жинау, мультиспектрлі камера немесе тепловизор секілді күрделі жабдықтардың жұмысын түсіну жоғары біліктілікті талап етеді. Сондықтан операторлар модельдеу, бағдарламалау негіздерін, сондай-ақ дрондарды басқаруға арналған бағдарламалық қамтамасыз етуді жақсы білуі қажет.

Роботтар мен дрондар электр-жылу желілерін диагностикалау үшін қолданылмақ

Осы сұранысты ескере отырып, орталық 1 және 2 санаттағы ҰӘКЖ операторларына арналған оқу курстарын әзірледі. Бағдарламалар теориялық білімді қалыптастырумен қатар, практикалық дағдыларды дамытуға бағытталған.

1-санат. ҰӘКЖ операторының базалық даярлығы жеке мақсатта максималды ұшып көтерілу салмағы 25 келіге дейінгі көп роторлы және тікұшақ типті дрондарды пайдаланатындарға арналған. Оқыту толықтай теориялық сипатта өтеді және ұшқышсыз жүйелерді қауіпсіз әрі сауатты қолдануға қажетті іргелі білім береді. Тыңдаушылар ұлттық және халықаралық авиация заңнамасының негіздерін, әуе кеңістігінің құрылымын, ұшуға рұқсат алу тәртібін меңгереді. Сонымен қатар авиациялық қауіпсіздік, тәуекелдерді талдау, ықтимал қатерлерді анықтау және стандартты емес жағдайда дұрыс шешім қабылдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Курс 24 сағатқа есептелген, аптасына 4 күн, күніне 6 сағаттан өтеді.

Қазақстандық инженер АҚШ-тағы ең үздік 10 дрон әзірлеушінің қатарына кірді

2-санат. ҰӘКЖ операторы бағдарламасы (MID Rating) максималды ұшып көтерілу салмағы 25 келіге дейінгі барлық типтегі дрондармен жұмыс істейтін мамандарға арналған. Бұл курс теориялық және практикалық оқытуды қамтып, оператордың кәсіби қызметіне қажетті арнайы білім мен дағдыларды қалыптастыруды көздейді. Теориялық бөлімді аяқтаған соң тыңдаушылар ұшқышсыз жүйелердің жұмыс істеу қағидаттарын, алгоритмдерін терең меңгеріп, практикалық тапсырмаларды сенімді орындауға мүмкіндік алады.

Дрондар полицейлерге көмекке келді

Айта кетейік, практикалық сабақтар көп роторлы дрон операторларының бастапқы ұшу даярлығына бағытталған. Курс барысында студенттер ұшу алдындағы дайындық, жинақтау және тексеру рәсімдерін, түрлі ұшу тапсырмаларын құрастыру мен орындау тәсілдерін үйренеді. Практикалық бөлімнің жалпы ұзақтығы 48 сағатты құрайды, яғни аптада 6 оқу күні, әр күніне 8 сағаттан өтеді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің хабарлауынша, оқу бағдарламалары бойынша толық ақпаратты Астана қаласы, Әуезов көшесі, 2 мекенжайынан немесе арнайы байланыс нөмірлері (+7 777 614 27 19, +7 702 505 70 09) арқылы алуға болады.

Көлік апатын азайтатын дрондар

Соңғы жаңалықтар