Министдің айтуынша, биыл Катонқарағай, Зайсан және Кендерлі курорттық аймақтарындағы әуежайлардың құрылысы, сондай-ақ Арқалық әуежайын қалпына келтіру жұмыстары аяқталады. Венаға, Римге және Шанхайға рейстерді қосқанда 15 жаңа халықаралық маршрут ашылады.
Теміржол тасымалын да жетілдіру жоспарланып отыр. Осы мақсатта теміржол паркі 191 жаңа вагонмен толықтырылады. Жазғы кезеңде 13 қосымша маршрут іске қосылады.
Сондай-ақ Жаңаөзен – Кендірлі және Өскемен – Катонқарағай бағыттарын қоса алғанда, негізгі көрікті жерлерге апаратын 5 мың шақырым жол жөнделіп жатыр.
Катонқарағай табиғи паркінде сирек кездесетін құс фототұзаққа түсіп қалды
Нұрлан Сауранбаев танымал бағыттарға ерекше көңіл бөлініп жатқанын тілге тиек етті. Мәселен, Астанадан, Алматыдан және шығыс өңірлерден Алакөлге қатынайтын 8 қосымша пойызды қосу көзделген.
«Біз жол бойындағы сервисті де дамытып жатырмыз. 2026 жылы 50 жаңа нысан салу жоспарланып отыр. Бұл іс-шараларды жүзеге асыру жол жүру уақытын қысқартып, туристерге қолайлы жағдай жасайды», деді Нұрлан Сауранбаев.
Сондай-ақ бүгін Үкімет отырысында Алматы тау кластерін, Щучье-Бурабай курорттық аймағын және Маңғыстауды дамыту жоспарлары бекітілгені айтылды.