Қазір аталған филармонияның жанынан құрылған бірнеше өнер ұжымы бар. Соның бірі – дарынды күйші Қ.Ахмедияров атындағы «Нарын» халық аспаптары оркестрі, екіншісі – «Мұрагер» фольклорлық ансамблі. Ал «Інжу маржан» би ансамблінің бишілері түрлі сайыстар мен мәдени іс-шарада лайықты өнер көрсетіп жүр. Сондай-ақ эстрадалық оркестр, камералық ансамбль мен «Дарын» хоры өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Жақында филармония жанынан тағы бір өнер ұжымы құрылып, «Сарайшық» атауы берілді. Ансамбльге халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, шертер аспабының шебері Артур Қазиев жетекшілік етеді. Оның айтуына қарағанда, өнер ұжымының атауына қатысты түрлі нұсқа қаралыпты. Бірақ таңдау Сарайшық атауына түсіпті.
«Өйткені кейінгі жылдары Сарайшықтағы ежелгі тарихи қалашыққа келетін шетелдік туристер көбейді. Тарихшылар мен зерттеушілер назары ауа бастады. Осындай себептерді ескеріп, ортағасырлық тарихи мекеннің атауы арқылы ансамбльдің қай өңірден екенін білуге болады. Басты мақсатымыз – өңірдің мәдениеті мен өнеріне үлесімізді қосуды жөн көрдік», дейді А.Қазиев.
Ансамбль жетекшісінің сөзінше, өнер ұжымында 10 адам бар. Бәрі де – ұлттық аспаптарда ойнауды жетік меңгерген кәсіби музыкант.
«Қазақтың сазы бір-біріне ұқсамайтын әні де, күйі де көп. Біз халқымыздың музыкалық бай мұрасын осы заманғы стильмен үйлестіре өңдеп, тыңдарманға ұсынуды жөн көрдік. Ансамбльдің басты ерекшелігі – халқымыздың фольклорлық аспаптарын көбірек қолдану. Бәлкім, алдағы кезеңде өзге өңірлер мен елдерге қазақтың өнерін таныстырып, «Сарайшық» атауын брендке айналдыруды ойластырдық», дейді ансамбль жетекшісі.
Атырау облысы