Спорт • Кеше

«Бұл жігіттің жөні бөлек...»

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің мәнерлеп сырғанаушылары ХХІ ғасырдың екінші онжыл­дығында жарқырап шығып, халықаралық аренада өзде­рінің мық­ты­лығын мойындата бастады. Алғашында Денис Тен олжаға кенелсе, одан кейін Элизабет Тұрсынбаева топ жарды.

«Бұл жігіттің жөні бөлек...»

Есімдері аталған мық­тылардың екеуі де қазір үлкен спортта жоқ. Сочи Олимпиадасында қола алып, әлем чемпионатында екі рет жеңіс тұғырына көтерілген Денис 2018 жылдың жазында, жарқылдап тұрған 25 жасында Алматының қақ ортасында қарақшылар қолынан қаза тапты. Элизабет 2019 жылы Сайтамада ұйымдастырылған дүниежүзілік додада күміс медальды мойнын­да жар­қыратты. Сол жылы Дү­ние­жүзілік универсиада мен «Төрт құрлық біріншілігінде» де екінші орынды иеленді. Бірақ арада екі жыл өткен соң, ескі жарақаттарынан айыға алмаған 21 жастағы аса дарынды Элизабет қалың жұрттың алдында өзінің спорттық мансабын аяқтайтынын жария етті.

Содан кейін Михаил Шай­доровтың дәуірі басталды. 2004 жылдың жазында Алматыда дүниеге келген жас өрен бірден дара талантымен танылды. Алғашында әкесі Станислав Шайдоровтың, одан кейін ресейлік Алексей Урмановтың қол астында жаттыққан жастың шеберлігі уақыт озған сайын шыңдала түсті. 2022 жылы Миша Таллинде өткен жастар ара­сындағы әлем біріншілігінде күміс медаль иеленіп, көп­шілік назарын өзіне аударды. Балтық жағалауында жерлесіміз америкалық Илья Малининнен ғана қалып қойды. Бұл тарихи сәт еді. Олай деуге негіз, оған дейін еліміздің бірде-бір мәнерлеп сырғанаушысы жастардың әлем­дік додасында жүлде алған емес. Тіпті мақтаулы Тен мен Тұр­сынбаевалардың өзі кезінде төртінші орынды қанағат тұтты.

Көп ұзамай кейіпкеріміз ересектер арасындағы бәсекелерде өнер көрсете бастады. Бұл сайыстарда да Шайдоровтың жұлдызы жарқырай жанды. Қатарынан бес рет ел чемпио­ны атанған сайыпқыран халықаралық жарыстардан да олжалы оралды. Алматылық өренге әсіресе өткен жыл аса табысты болды. Сеулдегі «Төрт құрлық бірінші­лігін­де» алдына жан салмаса, Харбиндегі Азия чемпионатында қолаға қол созды. Бостонда жалауы желбірген әлем чемпионатында күллі қазақ жанкүйерлері Михаилге дән риза болды. Небір күрделі элементтерді сәтті орындап, шеберліктің шынайы үлгісін көрсеткен отандасымыз күміс медаль еншіледі. Бұл жолы да оның алдын Илья Малинин орап кетті.

21 жастағы Михаил Шай­доров қазір нағыз бабында. Кейінгі кездері өткен жарыстарда оның үнемі жеңіс тұғырынан көрінуі – осы сөзіміздің айқын дәлелі. Ендігі мақсаты – Апеннин түбегінде алауы тұтанатын Олимпия ойындарында атой салу. Ол мақсатына қол жеткізуге еліміздің атақты мәнерлеп сырғанаушысының барлық мүмкіндігі бар. Бас­қалай айтқанда, бұл жігіттің жөні бөлек, Олимпиада алтынынан үміттіміз.

Соңғы жаңалықтар

Жолашар тың бағыттар

Пікір • Бүгін, 09:55

Екібастұздағы алып мұржа

Аймақтар • Бүгін, 09:50