24 Наурыз, 2015

Бокс. Роман Жайлауовтың қарсыласы анықталды

242 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

24-03-15-roman_jailauov-1

АСТАНА. 24 наурыз. Қазақстандық 20 жасар кәсіпқой боксшы Роман Жайлауовтың келесі қарсыласы анықталды. Ол 13 сәуір күні Оңтүстік Африка республикасының Йоханнесбург қаласындағы Emperors Palace аренасында жергілікті боксшы Луянда Джакомен қолғап түйістіреді. Бұл туралы BoxingNews.kz хабарлады. Рейтингілік статусы бар бұл шайқас 6 раундтан тұрады. Ал бокс кешінің басты шайқасы ОАР-дың бірінші орта салмақтағы чемпиондығының белбеуі үшін жергілікті спортшылар Грант Фьюри мен Уоррен Юберттің арасында өтеді. Кэмптон Паркте өткелі тұрған ұрыстың ұйымдастырушысы ретінде Геннадий Головкин мен Мартин Мюррейдің жекпе-жегін жарыққа шығарған Golden Gloves промоутерлік компаниясы көрінбекші. Аталмыш компанияның басшысы, оңтүстікафрикалық белгілі промоутер Родни Берман әзірге жеңілістің ащы дәмін татып көрмеген қазақстандық кәсіпқой боксшы Роман Жайлауов жөнінде жақсы пікір білдірді. Golden Gloves промоутерлік компаниясының басшысы World Boxing News.net басылымына берген сұхбатында Жайлауовтың жаңа Геннадий Головкин болуға толық мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Берманның айтуынша, Жайлауовтың стилі жас кезіндегі Головкинді еске түсіреді. «Мен бұл жігіт туралы талай нәрсені естіп келемін. Бірақ өзің оны істің үстінде көзіңмен көргенге дейін бірдеңені ашып айтуың қиын ғой. Біз қазір жаңа Головкин болатын адамды іздеп жүрміз. Егер Роман тым болмағанда, Головкиннің жарты деңгейіне жете алса, одан динамит шығар еді. Алдағы уақытта оның өзін қалай танытатынын көрерміз», - деді белгілі промоутер. Жасы қазір 20-дағы Роман Жайлауов Шымкентте туған, Астанада тұрады. Кәсіпқойлар рингіндегі тұсауы 2012 жылы 18 жасында кесілді. Қазір оның есебінде 13 шайқастан 13 жеңіс бар. Боксшы бұлардың 8-ін мерзімінен бұрын аяқтады. Жайлауов – Азия WBC (Asian Boxing Council) бокс кеңесі мен Паназиялық бокс ассоциациясы (PABA) версиясының жартылай орта салмақтағы (63,5 кг-ға дейін) чемпионы. Айта кету керек, Романның қарсыласы Луянда Джако өзінің бұған дейінгі барлық 9 шайқасын бірінші жартылай орта салмақта өткізіп келді. Дамир Қожамқұл.