Медицина • 21 Қаңтар, 2026

Алматыда 12 мыңнан астам қыз балаға жатыр мойны обырына қарсы екпе жасалды

12 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қаңтар айында көп елде жатыр мойны обырымен күресу шаралары жүреді. Алматыда да қазір бұл ауруды ерте анықтау мен алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмысы қолға алынған. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде Алматы онкологиялық орталығы директорының орынбасары Райхан Болатбекова жатыр мойны обыры әйелдер арасындағы ең көп тараған онкологиялық аурудың бірі екендігін нақты деректермен дәйектеді, деп хабарлайды Egemen.kz

Алматыда 12 мыңнан астам қыз балаға жатыр мойны обырына қарсы екпе жасалды

Мысалы, жатыр мойны обырына шалдыққандардың 97%-ына жоғары онкогендік қауіп тобына жататын адам папилломасы вирусы (АПВ) себепші болып отыр.

Обырдың бұл түрі астапқыда білінбеуі мүмкін, сондықтан ПАП-тест пен АПВ-ға тестілеуден үнемі өтіп тұрған жөн.

«Қатерлі ісіктің мұндай түрі көбінесе бала көтеретін жастағы әйелдерде, әсіресе 40-44 жас аралығындағыларда жиі кездеседі. Бірақ бұл дерттің өршуіне жол бермеуге болады. Дамыған елдерде алдын алуды қолға алып, ол осы аурудың зардабын екі есеге төмендетуге мүмкіндік берген», деді Райхан Болатбекова.

Қазіргі таңда елімізде 30-дан 74 жасқа дейінгі әйелдерді жатыр мойны обырына скринингтен өткізу жөніндегі Ұлттық бағдарлама жұмыс істейді. Бұл бағдарлама ауруды ертерек анықтауға мүмкіндік беріп отыр.

Қазақстанда вакцина алудан бас тартқандар саны 3,8 есеге өсті

Оған қоса елімізде адам папилломасы вирусына қарсы екпе салу бағдарламасы бар. 2024 жылғы қыркүйектен бастап мектептерде ата-аналардың келісімімен жасөспірім қыздарға екі дозалы вакцинация (4 валентті «Гардасил» вакцинасы) салына бастады. 2025 жылғы қыркүйек пен желтоқсан айының аралығында Алматыда 12 мыңнан астам қыз бала егілді. Қолданылатын вакцина жатыр мойны обыры мен басқа да онкологиялық ауруларды тудыратын АПВ-ның ең қауіпті түрінен қорғайды.

«АПВ-ға қарсы вакцина жатыр мойны обырына түрткі болатын вирустың ең кең таралған типтеріне бағытталған. Сонымен қатар ол вульва, қынап, анальды өзек пен ауыз-жұтқыншақ аймағының онкологиялық ауруларының дамуына әкелуі мүмкін АПВ түрлерінен, сондай-ақ үшкір кондиломаларды тудыратын түрлерінен қорғайды. Вакцинация АПВ-мен байланысты аурудың алдын алуда тиімді болып шықты. Бірақ бұрын АПВ-ның бір немесе бірнеше түрін жұқтырғандарға вакцина тиімдіздеу болуы да мүмкін», дейді дәрігер.

Бұған дейінгі зерттеулер көрсеткендей, екпе салынғаннан кейін 10 жыл бойы оның иммуногендігі төмендемеген. АПВ-ға қарсы вакцина АҚШ-тың Азық-түлік пен дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасынан (FDA) лицензия алып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны қауіпсіз әрі тиімді деп есептейді.

МӘМС: 2026 жылы сақтандыру есебінен емделетін аурулар тізімі кеңейтілді

Брифинг соңында Райхан Болатбекова 31 қаңтар күні Алматы онкологиялық орталығында жатыр мойны патологиясының алдын алу мен ерте анықтауға арналған Ашық есік күні өтетінін хабарлады. Бұл күні онкогинеколог мамандардан кеңес алып, қажетті тексерістен өтуге болады.

Соңғы жаңалықтар