Сурет: kazfootball.kz
- «Астана» велоклубы жаңа маусымды жасыл құрлықта бастауда жөн көріп, қазір Аделаидадағы «Тур Даун Андер» көпкүндігінде өнер көрсетіп жатыр. 30 қаңтарда «Серф Кост Классикке» қатысады. 1 ақпанда «Кэйдел Эванстің» турнирінде бақ сынайды. Бұл бәсекелерде «Астананың» Аарон Гейт (Жаңа Зеландия), Флориан Каямини, Алессандро Ромеле, Давиде Тонеатти, Симоне Веласко (Италия), Марко Шреттль (Аустрия), Даррен ван Беккум (Нидерланд) сынды велошабандоздары өз өнерлерін ортаға салады.
- 29 қаңтар – 1 ақпан аралығында АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өтетін жасөспірімдердің әлем біріншілігіне қатысатын еліміздің шорт-трекшілері белгілі болды. Америкаға аттанатындар тізіміне Темірлан Жолдас, Анастасия Галечина, Богдан Вехов, Гүлдана Жалмұхан, Павел Цой, Полина Омельчук, Қасымбек Асылхан, Нұрия Алпысбай сынды дарынды спортшылар енді.
- «Footrankings» порталы 2026–2027 жылғы футбол маусымындағы УЕФА Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Алматының «Қайраты» қай командалармен жолығуы мүмкін екенін жария етті. Олардың қатарында «Шэмрок Роверс» (Ирландия), «КуПС» (Финляндия), «Викингур Рейкьявик» (Исландия), «Рига ФК» (Латвия), «КИ Клаксвик» (Фарер аралдары), «Флора Таллинн» (Эстония), «Кауно Жальгирис» (Литва), «МЛ Витебск» (Беларусь), «Иберия 1999» (Грузия) сынды клубтар бар.
- Кәсіпқой боксты серік еткен Айдос Медет (13-0, 9 КО) 23 қаңтарда АҚШ-тың Лонг-Бичінде жұдырықтасады. Қарсыласы – доминикандық Даннис Агуэро Ариас (20-4, 17 КО). Екінші жартылай жеңіл салмақта өтетін бәсеке алты раундқа есептелген.
- Оманда үстел теннисінен WTT Contender Muscat турнирінің шымылдығы түрілді. Бұл жарыста Лин Шидун (Қытай, әлемдік рейтингте №2), Лян Цзинкунь (Қытай, №7), Бенедикт Дуда (Германия, №13), Дарко Йоргич (Словения, №15), Патрик Франциска (Германия, №20), Антон Келлберг (Швеция, №27), Омар Ассар (Мысыр, №28), Ши Сюньяо (Қытай, №13), Чэн И-Цзин (Тайпей, №21) сынды саңлақтар сайысқа түседі. Қатысушылар қатарында Кирилл Герасименко, Ескендір Харки, Сарвиноз Мірқадырова да бар.
- Осы күнге дейін 20 кездесу өткізіп, бірде-бір рет жеңіліп көрмеген танымал кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтанов WBC нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атағынан басты үміткер. Жанкүйерлер оның алтын белбеуді иеленіп отырған Доминикан Республикасының дүлдүлі Карлос Адамеспен (24-1-1, 18 КО) жекпе-жегін тағатсыздана күтіп жүр. Жеке жаттықтырушысы Джон Хатчинсонның айтуынша, Мейірім қазір бабында, чемпиондық тәжді иелену үшін аянып қалмайды.
- Қыздар арасында шайбалы хоккейден өтіп жатқан әлем біріншілігінің екінші дивизионындағы тұсаукесер кездесуінде еліміздің құрамасы Жаңа Зеландияны 13:2 есебімен ойсырата ұтты. Бұл кездесуде София Муравьёва покер жасаса, София Зубкова хет-трик авторы атанды. Анфиса Новикова екі гол соқса, Василиса Шуклина, Анна Климова, Рената Лившиц, Злата Попова бір-бір реттен мергендік танытты.