Палата өкілі Жанар Алтаеваның айтуынша, бүгінде елімізде білім беру мекемелері мен өндіріс орындары арасында байланыс күшейтіліп жатыр. Ондағы мақсат – сапалы кадр даярлау. Және осыған байланысты өңірлерде салалық альянстар құрылып жатқанын жеткізді.
Ташкент текстиль және жеңіл өнеркәсіп институтының доценті, техника ғылымдарының докторы Малахат Илхамова аталған саланы дамыту бойынша Өзбекстан тәжірибесімен бөлісті.
«Жеңіл өнеркәсіп саласында маман тапшылығы өзекті мәселе. Оқу бітірген түлектің бәрі фабрикаға жұмысқа бара бермейді. Оның үстіне жас маманда тәжірибе аз болады. Сондықтан машық қалыптыстыру үшін қала әкіміне өндірістік парктер керек деген ұсыныс айтқанбыз. Ол жерде студенттер станоктарда жұмыс істеп үйренер еді. Шеберлігі де артады. Сол себепті салалық альянс құру маңызды», деді Шымкент қалалық креактивті индустрия қауымдастығының төрайымы Жанна Елтанова.
Сонымен жиын қорытындысында жеңіл өнеркәсіп салалық альянсы құрылды. Ол үшін Кәсіпкерлер палатасы, оқу орындары мен кәсіпорындар өзара үшжақты ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Ол алдағы екі жылда Жол картасы аясында іске асырылады. Мамандардың айтуынша, аталған бастама мегаполистің экономикалық дамуына, жеңіл өнеркәсіп саласындағы кадрлардың біліктілігін арттыруға ықпал етеді.