Мамандар су айдынындағы оттегінің тұрақты деңгейін сақтау үшін аэрация жұмыстарын қолға алған. Бұл әдіс суды оттегімен қанықтырып, мұз астында жиналатын зиянды газдарды шығаруға мүмкіндік береді. Көктем мезгілінде мұндай шаралар өзендегі табиғи экологиялық тепе-теңдіктің қалпына келуіне және пайдалы биологиялық үдерістердің жандануына ықпал етеді. Жұмыстарды орындау барысында мұз ойғыштар, мотопомпалар және арматураланған шлангілер пайдаланылып жатыр.
Сонымен қатар мамандар қамысты орып, оны арнайы ойықтарға орнату жұмыстарын да жүзеге асырған. Бұл да суға қосымша оттегінің түсуіне жағдай жасайды.
Аэрация және экологиялық жұмыстар өзеннің бірнеше учаскесінде аяқталды. Атап айтқанда, «Арқар» көпірінен «Марал» көпіріне дейін, «Қараөткел» көпірінен «Атырау» жаяу жүргіншілер көпіріне дейін, «Серуен» жаяу жүргіншілер көпірінен «Тұлпар» көпіріне дейін және «Тұлпар» көпірінен газ аппаратурасы орналасқан ауданға дейінгі аралықтар қамтылды. Жалпы саны 888 ойық жасалды.
Мұндай жұмыстар Астана қаласындағы Есіл өзені экожүйесін сақтауға және су айдынының биологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.