Биылғы маусымда әлеуметтік мұз айдындары қаланың әр ауданындағы халық көп жиналатын орындарда есік ашты. Қыс қызығын қызықтаған мегаполис тұрғындарына сырғанақ орындары Тұңғыш президент саябағында, «Алматы Арена», «Халық Арена» спорт кешендері аумағында, Республика сарайы маңында, 28 панфиловшылар, «Kokjiek Garden» және «Гүлдер» саябағында, Қазақ-Британ техникалық университетінің аумағында, Наурызбай ауданы әкімдігінің алаңқайында түн жарымына дейін үздіксіз жұмыс істеп тұр. Қала тұрғындары мен қонақтары қалаған уақытында сырғанақ теуіп, серги алады. Тіпті мұндағы арнаулы нұсқаушылар келушілерге тегін кеңес беріп, қызмет көрсетеді.
Демалушылар өзімен бірге конькилерін ала келуге тиіс. Сондай-ақ сырғанақ алаңдарының маңында тамақтануға арналған арнаулы орындар мен конькилерді жалға беру орталықтары жұмыс істейді. Ұйымдастыру- шылар жалға беру бағасы қолжетімді болуы әрдайым қадағаланып отыратынын айтады.
Мұзайдындары Алматының мың құбылған ауа райына орайластырылған. Күн райы 10 градусқа дейін жылыса да, сырғанақ ерімейді. Яғни алаңдардың арнаулы тоңазытқыш құралы мұзды ерітпеуге қолайлы температураны қамтамасыз ете алады. Қала жұртшылығына қуаныш сыйлаған әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға жергілікті әкімдік мұрындық болған.
«Ойын-сауық орталықтарындағы мұзайдындарына барғанда біраз шығындалатынбыз. Былтырдан бері осы тегін сырғанақ алаңдарына келетін болдым. Бұл да қарапайым тұрғындар мен студент жастарға жасалған үлкен көмек деп есептеймін», дейді қала тұрғыны Жандос Әлімғожа.
Сырғанақ алаңдарының есігі көктемнің алғашқы айына дейін ашық.
АЛМАТЫ