Спорт • Бүгін, 09:12

Жарыс күнделігі

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өскеменнің «Торпедо» хоккей клубы Ұлыбританияның Ноттингем қаласында өткен құрлық кубогінде күміс жүлдегер атанды. Алғашында олар Данияның «Хернинг Блю Фоксын» (6:2) ұтқанымен, Францияның «Анжесінен» (2:3) овертаймда жеңілді. Десек те осы төрт ұпай отандастарымызға өз тобында бірінші орын алуға жеткілікті болды. Ал финалда «Ноттингем Пантерзге» 2:4 есебімен ұтылды.

Жарыс күнделігі
  • Аралас жекпе-жектен Бангкокте өткен ONE FC турниріндегі тұсаукесер кездесуінде 80 кг салмақтағы Диас Өтеген (2-0) ресейлік Ахмед Рабадановты (3-0) төрешілер шешімімен ұтты. Краснодарда ұйымдастырылған АСА жарысында Бағдос Олжабай (21-17) 16 Eagle FC лигасының экс-чемпионы, армениялық Жора Айвазяннан (17-1) айласын асыра алмады.
  • Қатардың астанасында шымылдығы түрілген WTT Star Contender Doha додасында еліміздің үстел теннисшілері сүреңсіз өнер көрсетті. Ескендір Харки іріктеу сынында Сауд Арабиясының өкілі Әли Әлхадравиге (2:3) есе жіберсе, қатарлық Марьям Әлінің тас-талқанын шығарған Сарвиноз Мірқадырова (3:0) екінші кезеңде тайпейлік Хуан Ю-Цзеге (0:3) жол берді. Сондай-ақ олар жұптық, аралас жұптар сайыстарында да алғашқы айналымнан аса алмады.
  • Еліміздің ардагер теннисшісі Михаил Кукушкин Шотландияның Глазгосындағы «Челленджер» турнирде тәуір нәтижеге қол жеткізді. Бастапқы бәсекелерде колумбиялық Адриа Сориано Баррера, швейцариялық Реми Бертола, германиялық Том Генчті жолынан ығыстырған ол жартылай финалда чехиялық Гинек Бартоннан басым түсті. Финалда Кукушкин франциялық Клеман Шидеге жол берді.
  • «Golden Boy» промоутерлік компаниясының ұйымдастыруымен АҚШ-тың Калифорния штатында өткен кәсіпқой бокс кешінде Өзбекстанның туы астында өнер көрсететін 23 жастағы қандасымыз Руслан Абдуллаев уругвайлық Эдуардо Хавьер Абреуді бесінші раундта ауыр соққылардың астына алып, айқын басымдықпен жеңді. Бұл – Русланның кәсіпқой рингтегі төрінші жеңісі. Әуесқойлар арасында қазақ жігітінің әлем, Азия чемпионы деген атақтары бар.
  • Түркияның Ыстанбұл қаласында шайбалы хоккейден жасөспірімдер арасындағы IIA дивизионындағы әлем біріншілігі басталды. Еліміздің құрамасы Түркия, Оңтүстік Корея, Нидерланд, Латвия, Жаңа Зеландиямен бір топта өнер көрсетеді.
  • 6–7 ақпан аралығында Астанада Дэвис кубогінің әлемдік тобының плей-оффында еліміздің құрамасы Монакоға қарсы ойнайды. Осы аса жауапты жарыста ел намысын Александр Бублик, Александр Шевченко, Тимофей Скатов, Бейбіт Жұқаев, Денис Евсеев, Әмір Омарханов сынды теннисшілер қорғайды. 
Соңғы жаңалықтар

Жоғалған шопан табылды

Оқиға • Бүгін, 19:02