Теннис • Бүгін, 09:08

Зарина ұтылды, қалғандары қатарда

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мельбурнде Аустралия ашық біріншілігінің шымылдығы түрілді. Жүлде қоры 74 900 000 долларды құраған дүбірлі додада әлемнің ең үздік теннисшілерімен қатар еліміздің бірнеше өкілі бақ сынайды.

Зарина ұтылды, қалғандары қатарда

Жерлестеріміздің арасынан алғашқы болып жарыс жолына Юлия Путинцева шықты. Ол WTA тізімінде өзінен әлдеқайда жоғары тұрған Беатрис Хаддад-Майямен кездесті. Алғашқы сет бразилиялықтың пайдасына шешілгенімен, екіншісінде біздің спортшының мерейі үстем болды. Үшіншісінде де Хаддад-Майя алда келе жатты. Десек те, шешуші тұста ширақ қимылдаған Путинцева камбэк жасап, жеңісті қарсыласының уысынан жұлып алды – 3:6, 7:5, 6:3. Көп кешікпей кейінгі кездері айы оңынан туып тұрған Александр Бублик бой көрсетті. Еліміздің ең үздік теннисшісі америкалық Дженсон Бруксбиге адым аштырмады – 6:4, 6:4, 6:4.

Кеше Александр Шевченко шве­циялық Элиас Имермен күш сынас­ты. Бұл жолы да жанкүйерлер керемет камбэктің куәсі болды. Отандасымыз бірінші сетті қарсыласына беріп қойғанымен, одан кейінгі үшеуін өз пайдасына шешті – 3:6, 7:5, 6:4, 6:1.

Ұйымдастырушылар та­рапынан берілген же­ңілдіктің арқасында «Үлкен дулыға» санатындағы қа­тысу құқығына ие болған Зарина Дияс испаниялық Паула Бадосамен шеберлік байқасты. Пиреней түбегі өкілі жерлесімізден әлдеқайда мықты екенін жұрт жақсы біледі. Кезінде ол әлемдік рейтингте екінші орынға дейін көтеріліп, бүгінде үздіктер тізімінде 70-сатыда тұр. Ұзақ уақыт бойы жарақатымен арпа­лысқан Зарина бұл күндері небәрі 276-орынды қанағат тұтып тұр. Бұл бәсекеде Бадосаның басымдығы айқын байқалды. Кездесу 2:6, 4:6 есебімен аяқталды.

Бүгін Елена Рыбакина сло­ве­ниялық Кая Юванмен сайысқа тү­седі. Сондай-ақ біз Александр Буб­лик/Александр Шевченко мен Марсело Демолинер (Бразилия)/Жан-Жюльен Роже (Нидерланд), Анна Данилина/Александра Крунич (Сербия) Куинн Глисон (АҚШ)/ Елена Приданкина (Ресей), Андрей Голубев/Александр Недовесов пен Томас Мартин Этче­верри/Ка­мило Уго Карабельи (Ар­гентина) арасындағы жұптық, аралас жұп­тар арасындағы сайыс­тар өтеді. Жастардың бәсекесінде Заңғар Нұрланұлы, Дамир Жалғасбай, Да­ниэль Тазабеков өнер көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар