Екі күнге созылған жиынға еліміздегі жоғары оқу орындарының ректорлары мен проректорлары, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Форумның алғашқы күні «QAA», «ASIIN» және «IAAR» халықаралық аккредиттеу агенттік сарапшыларының қатысуымен шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Онда қатысушылар университеттерді халықаралық аккредиттеуге дайындау, cапа мәдениетін қалыптастыру және білім қызметінің экспортын дамыту мәселелерін талқылады.
Ал екінші күні – докторанттардың зерттеу қызметі нәтижесінің сапасын бағалаудың жаңа тәсілі мен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында сапаны қамтамасыз етудің ішкі жүйелерін дамыту сөз болды. Сонымен қатар қатысушылар тақырыптық сессияларға бөлініп, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласын реттеу және рұқсат беру саясатын сараптады.
Форумның басты оқиғасы – жоғары білім мен ғылымның сапасын қамтамасыз ету жүйесінің қазіргі жағдайы мен даму келешегіне, сондай-ақ заманауи технологиялық және нормативтік өзгерістердің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласына арналған пленарлық отырыс болды. Бұған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысып, отандық жоғары білімнің сапасы мен дамуы жайында салмақты сөз өрбітті.
Жиын барысында жоғары білімдегі сапаны қамтамасыз ету бойынша әлемдегі жетекші органның бірі – «Quality Assurance Agency for Higher Education» агенттігінің (QAA) өкілі Nazarbayev University-дің Жоғары білім мектебіне QAA-дің халықаралық бағдарламасын аккредиттеу сертификатын табыс етті. Бұл Жоғары білім мектебінің үш академиялық бағдарламаның сәтті өтуі нәтижесінде берілді. Дәлірек айтқанда, бірінші – көптілді білім бойынша магистрлік бағдарлама (MA), екінші – білімдегі көшбасшылығы бойынша магистрлік бағдарлама (MSc), үшіншісі білім саласы бойынша PhD халықаралық талаптарға сай деп танылды.
Осы ретте NU президенті, профессор Вакар Ахмад аталған жоғары оқу орны білім сапасын қамтамасыз ету мәдениетін дамытуда қозғаушы күш ретіндегі рөлін берік ұстанатынын жеткізді.
«Академиялық адалдық пен академиялық еркіндік университет мақсатының негізі өзегі болып қалады. Сондай-ақ жасанды интеллект пен цифрлық технологияның маңызы алдағы уақытта арта түседі. Ал ғылыми зерттеулер оқу үдерісімен бұрынғыдан да тығыз ықпалдасады. «Times Higher Education» (THE) 2025 жаһандық рейтингінде «Білім» бағыты бойынша әлемнің үздік 200 жоғары оқу орны қатарына енген NU Жоғары білім мектебі еліміздегі университеттермен бірлесіп, білім мен ғылыми зерттеулердің сапа стандартын көтеру бағытында жұмыс істеп келеді», деді ол.
Жиын қорытындысында қатысушылар сапаны қамтамасыз ету тетігін одан әрі дамытып, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің ұлттық жүйесіне үздік шетелдік тәжірибелерді енгізу қажеттігін айтты.