Экономика • Бүгін, 08:40

Экономикалық өсім халықтың табысына қалай әсер етеді?

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Елімізде экономикалық өсім бар» деп жазып, айтып жатамыз. Жұртшылықтың көкейінде «бұл өсім халықтың табысына қалай әсер етеді?» деген ой туындауы мүмкін. Өткенде біз Президенттің аузынан «орташа табыс тұзағы» дегенді естідік. Яғни біз экономикалық өсімді қанша арттырсақ та «тұзақ» айналасынан шыға алмауымыз ықтимал. Ол үшін саланы әртараптандыру қажет.

Экономикалық өсім халықтың табысына қалай әсер етеді?

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Мемлекет басшысы көтеріп отыр­ған «орташа табыс тұзағы» – табыстың белгілі бір деңгейіне жетіп, сол деңгейде қалып қоятын экономикалық жағдайдың сипаттамасы. Таратып айтқанда, біздің елде орташа табыс иелерінің ауқатты­лар тобына өту үдерісі күрделі әрі ұзақ. Осындай «табыс тұзағында» жүрген экономикалық белсенді азамат зей­нетке шыққанда табысы ортадан төмен деңгейге түседі деген болжам да жоқ емес.

Дүниежүзілік банк жариялаған World Development Report деректері бойынша 1990 жылдардан бері тек 34 ел ғана табыс деңгейі жоғары мемлекеттер санатына көшіпті.

Ал еліміз орташа табыс тұзағында қалып қоя ма деген мәселе сарапшыларды көптен бері толғандырып келеді. Олардың пікірі де сан қилы. Бірақ көбі бұл бағытты экономикалық құбылыс деп бағалайды.

«Halyk Finance» сарапшысы Санжар Қалдаровтың айтуынша, табыстың мұндай түрінің әсерін әлсірету әлеуметтік сәйкессіздіктерді қысқартудан басталады. Ол мемлекеттің бизнесті қолдау сая­сатын қайта қарау қажет деп санайды. Болашағы жоғары кәсіпорындарды қолдауға көбірек назар аударып, ірі жеке­мен­шік компаниялардың өсуіне жағдай жасау керек. Бұл ретте мемлекеттің эко­но­микаға ықпалын төмендету мен моно­по­листердің қызметін бақылау маңызды. «Қазақстанның орнықты даму траектория­­сына шығуға мүмкіндігі бар. Ол үшін экономикалық саясаттың ағымдағы моде­лін жүйелеп, қайта қарау керек», дейді сарапшы.

«Halyk Finance» сарапшысының ойынша, «орташа табыс тұзағы» мен «ресурстық қарғыс тұзағы» терминін қатар қолданған дұрыс. Алғашқысында экономика өсімі кірістің орташа деңгейіне жеткеннен кейін тежеледі. Экономиканы әртараптандыру есебі­нен емес, табиғи ресурстардың арқа­сында ғана орташа табысты елдер қа­тарына енгеніміз рас. Ұлттық қорда жинақталған мұнай қаржысы ел дамуы­ның экономикалық моделіндегі кем­ші­ліктерді бүркемелеуге мүмкіндік бергенімен, әсері уақытша болды. Бұл ретте шикізат емес секторлардағы өсім әлсіз күйінде қалып отыр. Ғылым мен инновацияға салымдар ІЖӨ-нің 0,2%-на жетпейді. Ал ЭЫДҰ елдерінде ол 3% па­йыздан жоғары.

«Экономикада мемлекеттің үлесі көп. Жеке сектордың дамуы әлсіз. Білім жүйесі мен еңбек нарығы арасында үй­лесім жоқ. Дипломдар бар, сауатты маман­дар аз. «Орташа табыстың тұзағын» жай ғана теория­лық проблема емес, құры­лым­дық рефор­маларды талап ететін өткір сын-қатер­лер ретінде қабылдаған жөн», дейді С.Қалдаров.

Сарапшының айтуынша, орташа табыс экономикада тереңдеп кеткен жоқ. Үміт бар. Дүниежүзілік банк табыс деңгейі орташа елдерге үш көрсеткішке мән беруді ескертіп жатыр: оның бірі – инвестициялар болса, екіншісі – инновация, үшіншісі – инклюзивтілікке бағдарлану.

Сарапшы Мағбат Спановтың айтуын­ша, цифрландыру мүмкiндiгiн тиiмдi пайдалана алатын елдер бәсекелестiк артық­шылықтарға ие болып, дамыған эконо­мика мәртебесiне көше алады. Осы стра­тегияны іске асыра алатын елдер өзде­рінің экономикалық дамуында сапалы серпіліс жасап, өз азаматтарының не­ғұрлым жоғары өмір сүру деңгейін қам­та­масыз етеді. Бұл мәселені тереңдетіп зерт­теу үшін әңгімені мұнай тұзағынан бас­тау керек.

Нарық жағдайында зауыт, фабрикаларды мемлекет емес, бизнес салады, инно­вациялық жобаларды бизнес қаржы­­ландырады. Үкімет бағаны реттеу арқылы нарықтық ортаға көбірек аралас­қан сайын бизнестің мүмкіндігі шек­теліп, инвестицияның көлемі азая бас­тайды. Бұдан басқа, бәсекелестік әлсі­рейді. М.Спановтың пікірінше, мұның бәрі мемлекет пен бизнес арасындағы ойын ережесі дұрыс қалыптаспағанын көрсетеді. Ірі ойыншылар шағын компанияларды ығыстырып, олардың нарыққа кіруін шектейді. Сарапшының айтуынша, елімізге сырттан келген инвесторлар ғана емес, ұлттық инвесторлардың мүмкіндігіне де сенген абзал.

Өткен жылдың қорытындысы бо­йынша ел экономикасының өсімі 6%-дан асты, ІЖӨ алғаш рет 300 млрд АҚШ долларына жақындады, 33 жаңа зауыт іске қосылды, 150 өндірістік кәсіпорын қайта жаңғыртылды. Мұның барлығы экономиканың нақты өндірістік қуатын күшейтуге тиіс еді. Бірақ тәжіри­беде олай болған жоқ. М.Спанов айтып өткендей, біз дүниежүзілік қаржы дағдарыс­та­ры­ның зардабымен күресіп жүргенде әлем өзгеріп үлгерді. «Енді баяу өсу тұза­ғы­нан шығу үшін бізге дамудың жаңа жаһан­дық үлгісіне тез арада ауысу керек. Енді жаһандық шикізаттық суперцикл аяқталады. Мұ­най­ға деген сұраныс төмен­деп, эконо­мика жаңа жағдайларға бейімделіп жатыр», дейді сарапшы.

«Кез келген жағдайда реформаларды жүргізгені немесе жүргізбегені үшін жауапкершілік шешім қабылдай­тын­дар­ға жүктеледі. Орта табыс тұзағынан құтылу­ға бағытталған кез келген шешімді страте­гиялық бағыт ретінде қарастырған дұрыс», дейді М.Спанов.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тығырықтан шығу үшін қосымша кіріс көздерін іздеу керектігін жиі айтады. Шикізаттан түсетін табыстың мүмкіндігі сарқылғандықтан, экономикалық өсім халықтың табысына әсер ете алмады.

«Мұндай «үдемелі» өсім ұзақмерзімді келешекте тұрақсыз. Ол борыштық тұзаққа әкелуі мүмкін, ал сауатты даму үшін экономиканың жинақтау құрылы­мын технологиялар мен шикізаттық емес экспортқа қарай жылжыту қажет. Мұндай табыстың кері әсерін техноло­гия­лық даму­мен әлсіретуге болады. Техноло­гия­лық тәуелсіздікті қағаз жү­зін­де емес, нарықта таңбалау керек. Қазақстан экономикасы үшін инновацияларды дамыту мәселелері ең басты проблема болып қала береді», дейді М.Спанов.

Сарапшылар «орташа табыс тұзағы» үкім еместігін алға тартады. Ол – ұзақ­мерзімді келешекте жүйелі рефор­ма­лардың өзіне сын көзбен қарауға үйре­тетін бағдар. Экономистер бизнесті мем­лекеттік қолдау саясаты қайта қарау­ды қажет ететінін айтады. Даму келе­шегі бар кәсіпорындарды қолдауға назар аудару, ірі жеке компаниялардың өсуіне жағдай жасау алдыңғы қатарға шығуы керек. Бұл ретте мемлекеттің экономикаға ықпалын төмендету мен монополистердің қызметін бақылау маңызды.              

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар