«Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген мақаламызда жиналған мақтаны өңдеп, жіпке, матаға айналдырып, одан киім-кешек өндіретін деңгейге жете алмай отырғанымыздың себебін сараптадық, мамандардың пікір-ұсыныстарын келтірдік. Көршілес Өзбекстан бұл жағынан бізден көш ілгері екенін, олардың халықаралық нарыққа көп жалтақтамайтынын жеткіздік. Арада біраз уақыт өткенде бұл бағытта оң өзгерістер байқала бастады. Соның бір көрінісі – жаңа өндіріс орындарының ашылуы.
Жуырда Отырар ауданына қарасты Қарақоңыр ауылдық округінде орналасқан «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің заманауи мақта өңдеу зауыты пайдалануға беріліп, 279 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Яғни тоқыма өнеркәсібі тоқыраудан шыға бастады десек, қателеспеспіз.
Ауыл шаруашылығы мен оны терең өңдеу – экономиканы дамытудың басты бағыттарының бірі саналатын облыста іске қосылған зауыт, ірі әрі маңызды жоба. Мамандар кәсіпорын заманауи технологияларды пайдалана отырып, мақта шаруашылығын жаңа деңгейге көтеретінін айтады.
«Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС былтыр Отырар ауданы мен Арыс қаласы аумағында 32 мың гектар жерге тамшылатып суару әдісімен мақта дақылын егіп, әр гектардан орта есеппен 50–60 центнерден өнім алған болатын. Жоба аясында екі бірдей мақта өңдеу зауыты салынып жатыр. Жалпы құны 21,1 млрд теңге болатын бұл өндіріс орындары жылына 180 мың тонна шитті мақтаны өңдеуге мүмкіндік береді. Бүгінде 120 мың тонна шитті мақта жиналып, оның 30 мың тоннасы таза мақта ретінде өңделді. Отырар ауданында және облыста толыққанды мақта кластерін қалыптастыру, шикізатты терең өңдеп, қосымша құны жоғары өнім шығару басты мақсат ретінде аталып отыр.

Пайдалануға берілген мақта агроөнеркәсіп кешенінде жасанды интеллект жүйесі енгізілген. Ақылды басқару орталығында жасанды интеллект арқылы басқару, бақылау, реттеу жұмыстары жүзеге асады. Егіс алқабы, зауыттар түгел бақыланып отырады. Су, мақтаның өсу барысы, жердің ылғалдылығын да қадағалау жүйесі енгізіліп жатыр. Сондай-ақ жұмысшыларға қолайлы жағдай жасалған. Яғни 700-ге жуық жұмысшыға арналған жатақхана, асханалары бар. Компания 280 метрден ауызсу тартып, күніне 4 мың жұмысшыға жететін су шығарылады. Зауыттың 20 мың өңделген мақта сақтайтын алып қоймасы бар. Мұнда өңделген мақта Түркістандағы зауытта жіпке, матаға айналады. Оған қоса, өңделген мақтаны Еуропа мен Қытайдағы фабрикаларға экспорттау да жоспарланған. Ал мақтаның шитінен мал шаруашылығына қажетті жем шығарылып жатыр. Яғни «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» қалдықсыз өндіріске қол жеткізген заманауи компаниялар қатарын толықтырып отыр. Алдағы уақытта мақтаның егіс көлемін 52 мың гектарға жеткізіп, бәрін су үнемдеу технологиясымен қамту көзделген. Енді өңірдегі мақта өсірумен айналысатын аудандардағы шаруалар бүгінгі қарқынның бәсеңдемеуін тілейді.
Айта кетелік, облыста өткен жылдың желтоқсан айының өзінде 7 зауыт ашылып, 2 өндіріс орны мен 1 электр стансасының капсуласы салынды. Жалпы, облыста 2025 жыл ірі зауыттардың ашылуымен, индустрияның өркендеуімен, терең өңдеу саласындағы көрсеткіштердің ұлғаюымен өңір тарихында қалды. Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында құрылған 20 индустриялық аймақта 39 млрд теңге инвестиция тартылып, 50 жоба іске қосылды. Ал «Turan» арнайы экономикалық аймағында 223 млрд теңгеге 20 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Арнайы экономикалық аймақтан 42 гектар жер бөлінген, жалпы инвестициялық құны
86,2 млрд теңге болатын толық циклді тоқыма бұйымдарын өндіру бойынша мақта агроөнеркәсіптік кешені – ірі жобалардың бірі. Құрылыс жұмысы 2024 жылы басталып, былтыр алғашқы кезеңі іске қосылған кешенде 430 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал 2026 жылдың желтоқсан айына дейін зауыттың келесі үш кезеңі толық аяқталып, қосымша 2 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Зауыт толық іске қосылған кезде жыл сайын 11,4 мың тонна жіп, 47,3 млн шаршы метр мата, 2 млн төсектік орын жабдықтары жиынтығы мен 4 млн көрпе өндіру жоспарланған. Сондай-ақ Түркістанда джинсі маталарын шығаратын алып кәсіпорынның капсуласы салынды. Жоба бойынша мұнда жылына 30 мың тонна мақта-мата жібі мен 10 млн метр джинсі маталары өндіріліп, мыңнан аса тұрғын жұмыспен қамтылады.
Түркістан облысы