Медицина • Бүгін, 08:15

Қымбат медицина қолжетімді бола түсті

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар игі іс-шара жүзеге асырылып жатыр. Соның ішіндегі ең маңыздысы – әлеуметтік осал топтағы азаматтарды сақтандырумен қамтуды күшейту, олардың медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыру.

Қымбат медицина қолжетімді бола түсті

Сурет: opennews.kz

Ресми дерекке сүйенсек, бүгінгі таңда Шымкентте 1 мил­лионнан астам адам, яғни халық­тың 81,7%-ы МӘМС жүйесіне тіркелген. Оның ішінде жеңілдік санатындағы 800 мыңға жуық азаматтың жарнасын мемле­кет төлеп отыр. Дей тұрғанмен, қа­ла­да жүйеге кірмей қалған әлеу­­меттік тұрмысы төмен 55 362 азамат бар. МӘМС-тегі соңғы өз­­герістер дәл осы санаттағы жан­­дар­ды қолдауға бағытталған. Мем­ле­кет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2026 жылдан бас­тап әлеуметтік тұрғыдан әлсіз D, E санатындағы азаматтар медициналық көмекке жүгінген жағдайда, олардың сақтан­дыру жарнасын жергілікті атқару­шы органдар төлейтін болады. Мамандар мұны осал топқа қолдау көрсетуді күшейтіп, олар­дың қажетті емді уақтылы алуы­на жол ашатын тиімді реформа деп бағалап отыр.

Жүйе енгізілгелі бері шаһар­да медициналық қызмет­тердің өрісі кеңейді. Бүгінде Шымкентте 177 медициналық ұйым жұмыс істесе, оның 34-і мемлекеттік, қалғаны – жеке­меншік емханалар. Ең бастысы, әр тұрғын өзіне қолайлы дәрігерді немесе емдеу мекеме­сін қалауынша таңдай алады. №1 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Бақытжан Позиловтің айтуынша, өткен жылы ауруханада 43 нау­қасқа МӘМС шеңберін­де жоға­ры технологиялық меди­ци­на­лық көмек көрсетілген. Жал­­пы, соңғы бір жыл ішінде мұ­нда сақтандыру жүйесімен 14 938 нау­қас емделіп, оның 7 206-сына түрлі операция жасалған.

«Қазіргі уақытта біздің клини­калық аурухана 530 төсек орыннан тұрады. Стацио­нарда мыңнан астам адам, оның ішінде ғылым кандидат­тары мен жоғары санатты дәрі­гер­лер қызмет етеді. Маман­дар­дың дені шетелдік клиникаларда білік­­тілігін арттырып келген. Аурухана ең озық диагнос­тика­­лық құралдармен жабдық­талған. Мұнда асқазан-ішек жол­­дарына, бауыр, өт, өңешке күрде­лі операциялар жасалады. Дәрігерлеріміз жамбас буынын ауыстыруды, эндопротездеуді то­лық меңгерді. Бұрын мұндай қиын опе­рацияларды жасатуға тұр­­ғын­дар Астана, Алматы қа­ла­­лары­на немесе шетелге са­бы­­ла­­тын. Қазір урология, бүй­­рек, зәр шы­ғару жолдарына қатыс­­­ты опе­­ра­­цияның барлық түрі осын­да жасалады», дейді бас дәрігер.

Емханада құны 995 млн теңге тұратын жаңа рентгендік ангиографиялық қондырғы іске қосылған. Бұл құрылғы 3D кескінінде тамырларды тексеріп, операция үстінде компьютерлік томография жасауға мүмкін­дік береді. Осының көмегімен инсульт алған, ми тамырлары мен бас ісіктері бар науқастарға күр­­делі операциялар жасалып келе­­­ді. Бүгінге дейін дәрігер­лер транс­­­план­­тация бойынша көпте­­г­ен опер­ация жүргізіп, 244 бүй­­рек пен 32 бауыр ағзасын алмастырған.

МӘМС нәтижесінде бұрын қолжетімсіз болған қымбат операциялар қарапайым халыққа тегін жасала бастады. Мәселен, былтыр Шымкентте 1 жүрек, 17 бүйрек алмастырылды. Олар­дың әрқайсысының құны 10 млн теңгеге дейін барады. Ал соң­ғы бес жылда жүрек орта­лы­ғында 23 науқасқа құны 77 млн теңге тұратын жасанды жүрек қойылды. Қалтасы көтере бер­мей­тін мұндай шығындарды сақ­­тан­дыру қоры толық өтеп, қан­­шама адамның өмірін ұзартты.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қаласы филиалы директоры­ның орын­басары Арапкүл Ізбасарова­ның мәлімдеуінше, өткен жылы мыңға жуық науқас жоғары технологиялық көмек алған. Маман МӘМС-ті жинақ­таушы жүйемен шатастырмау қажеттігін ескертеді. Әрбір науқас қанша жарна төлесе де, қажетті медициналық қызметтің кез келген түрін толық көлемде алуға құқылы. Сонымен қатар емханалар пациенттерге МӘМС жүйесінде жұмыс істейтін жекеменшік клиникаларға да жолдама бере алады. Бұл жағдайда қызмет құны Қор тарапынан төленеді, науқас ешқандай шығын шығармайды. Егер науқас қажетті қызметке жолдама ала алмаса, емхана жа­нындағы Пациенттерді қолдау қызметіне немесе Қорға ресми өтініш білдіруіне болады.

 

ШЫМКЕНТ 

Соңғы жаңалықтар