Медицина • Бүгін, 08:05

Тазалық пен сапаның кепілі

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Juldyz Kenan Co. Ltd» – елімізде катетер, зонд, патологиялық материалдар жинауға арналған контейнерлер, өзге де медициналық бұйымдар шығаратын бірден-бір отандық өндіріс ошағы. Нарықта отыз жылдан астам уақыт қызмет жасап келе жатқан нысанның құрылысына 2 млрд теңге инвестиция құйылған.

Тазалық пен сапаның кепілі

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Кәсіпорын тарихы 1993 жылы анестезиолог-дәрігер Кеңес Қазбағарұлы Құсайыновтың тағдырлы шешімінен бастау алды. Жалпы хирургия, онкология жүйесінде ұзақ жыл еңбек еткен білікті маман стерильді пластикалық катетер, дренаж түтіктері, қысқыштардың түгелдей шетелден тасымалданатынына қынжылатын. Сол кезеңдегі өтпелі уақыттың қиындығына қарамастан, ол шикізатты сырттан алдырса да, дайын өнімді өзімізде жасауға бел буды. Шикізат дайындау мәселесін болашақтың еншісіне қалдырды.

Өкінішке қарай, компанияның басы-қасында жүрген азамат Кеңес Құсайынов 1997 жылы өмірден озды. Бастаған ісін жары, серік­тес­тік­тің қазіргі директоры Бағлан Баққұлова жалғастырып әкетті. Ол алғашқы жылдары бір­неше термопласт-автомат сатып алып, ескі гараждарды күр­делі жөндеуден өткізіп, бұйым­дар­дың алғашқы үлгілерін шығар­ғанын тебірене еске алады. Уақыт өте келе қараусыз ғимарат 1 150 шаршы метрлік үлкен цехқа айналды. Бағлан Досжанқызы бастаған ұжым халықаралық көрмелерде жабдықтарды, озық технологияларды зерттеп, әлемдік зауыттардың тәжірибесін өндіріске енгізді. «Даму» қорының субсидиялау, кепілдік беру құралдары арқылы 566 млн теңге несие, 32 млн теңге кепілдік рәсімделіп, заманауи жабдықтар алынды, айналым қаражаты толықтырылды.

Компанияның атқарушы директоры, медицина ғылымдары­ның кандидаты Руслан Ахметовтің айтуынша, зауыт – республикада медициналық экструзияға маманданған, посткеңестік кеңістік­те толық циклді өндіріс жолға қойылған санаулы кәсіпорын­ның бірі. Қазіргі таңда 7 мың шаршы метр аумақты алып жатқан кешенде өндірістік желілер, зертханалар, қойма үй-жайлары орын тепкен. Мұнда катетер, дренаж­дық түтіктерден бастап, кіндік қыс­қыштары, эндоскопияға арнал­ған құрғатқыштарға дейін 150 түрлі бұйым шығарылады. Жыл­дық қуаттылығы – шамамен 4,5 млн дана өнім. Бұл көлем елдегі медициналық мекемелер қа­жет­тілігінің 99%-ын өтеуге қауқарлы.

Руслан Ахметов бұл материалдарсыз бірде-бір хирургиялық операция өтпейтінін алға тартады. Бұрын импорттық катетерлер нарықта 60-120 еуро тұрса, қазір отандық өнім бағасы 200 бен 2 000 теңге аралығында ғана. Аппаратуралық жабдықталуы жағынан зауыт АҚШ, ЕО елдері, Оңтүстік-Шығыс Азияда жұмыс істейтін балама өндіріс орындарынан кем түспейді.

Технологиялық үдерістің бар­лық кезеңі: медициналық экструзия, қысыммен құю, фрезерлеу, жинау, қаптау, стерильдеу жұмыстары Н14 сыныбының аса таза жағдайында жүргізіледі. Өн­діріс орнындағы тазалық бірден назар аудартады. Ауаның бір текше метріндегі микробөлшектер саны 43 мыңнан аспайды. Бұл көрсеткіш ауруханадағы операциялық бөл­менің тазалығы деңгейінен де бір­неше есе жоғары. Стерильдікті қам­тамасыз ететін қондырғылар ора­сан зор электр энергиясын тұты­­нады. Ауа тәулігіне 24 сағат таза болуға тиіс болғандықтан, ком­мунал­дық төлем құны да жоғары. Сол се­бепті кәсіпорын толы­ғы­мен авто­ном­ды кешен ретінде жаб­дық­талған. Оның барлық техно­логия­лық желінің үздіксіз жұ­мы­сын қам­тамасыз ететін же­ке транс­фор­маторлық қосал­қы стансасы, компрессорлық, қазан­дық жүйесі бар. Осынау күрделі жү­йеге небәрі төрт инженер қыз­мет көрсетеді.

Өнімнің бүкіл желісі ISO 13 485 халықаралық сапа стандартына сәйкес сертификатталған. Кәсіпорынның жыл сайын халық­аралық аудиттен өтетін жеке зертханасы, сапаны бақылау бөлімі жұмыс істейді. Пневматика­лық жүйелер материал-пласти­фикаторды тікелей термопласт-автоматтарға, экструзиялық желілерге береді. Дайын бұйымдар стерильдеу, орау, бақылау сатыларынан өтеді.

Қазірде шикізат шетелден сатып алынады. Оның құрамын­да фталат жоқ, адам ағзасы үшін толығымен қауіпсіз, өйткені өнімдер ішкі органдармен тікелей байланысқа түседі. Дегенмен компания ортамерзімді перс­пективада шикізатты отандық мұнай өңдеу зауыттарынан алу мақсатында келіссөздер жүргізіп жатыр. Сондай-ақ пациенттердің жарақат алу қаупін төмендету үшін жаңа өнім – тұнбасыз катетерлер дайындау қолға алынды. Сарапшылардың пікірінше, 30 тәулікке дейін пайдалануға жарамды бұл инновация ересектерге де, нәрестелерге де қолайлы болады.

Әрине, өндірісшілерді толған­дыратын түйткілдер де жоқ емес. Р.Ах­метовтің айтуынша, бюрокра­тия, рәсімдеудің ұзақтығы бизнеске қолбайлау болып отыр. Кейінгі жылдары дәрілік заттар, меди­ци­налық бұйымдарды сатып алудың шекті бағалары, тізімдері бар бұй­рықтарды бекітудің кешікті­рі­луінен, қоймалар контрабандалық өнімдерге толып кету қаупі бар.

Зауыт өкілдері өнім сұрыпта­лымын ұлғайту үшін Денсаулық сақ­тау министрлігінің жетекшілік ете­тін департаментімен тығыз ын­ты­мақтастыққа үмітті. Жоғары тех­но­логия, инженерлік ойлылық, си­рек кездесетін дербестік деңгейін үй­лес­тірген бұл кәсіпорын – отан­дық өнеркәсіптің маңызды бөлшегі.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар