Теннис • Бүгін, 09:40

«Australian Open»: Қарсыластар анықталды

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ертең басталатын ең белді жарыстардың бірі – «Australian Open-2026» турнирінің тұсаукесер кездесулерінде еліміздің теннисшілері кімдермен күш сынасатыны белгілі болды.

«Australian Open»: Қарсыластар анықталды

Соңғы кездері ай­шықты өнерімен жан­күйерлерді қуан­тып жүрген ерлер арасындағы еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бублик (АТР №10) Дженсон Бруксбимен шеберлік байқасады. 25 жастағы АҚШ-тың өкілі пәлендей табыстарға қол жеткізе алған емес. Ең үздік көрсеткіші – осыдан бес жыл бұрын «US Open» додасына дейін жетіп, АТР турнирінде бір мәрте топ жаруы. Ал Александрдың қазіргі қарқыны керемет. Былтыр отан­дасымыз АТР-дің төрт бірдей турнирінде жеңімпаз атанса, жыл басында Гонконгта өткен жарыста да алдына жан салмады. Бұл жағдай Бубликтің Мельбурнде үздіктер санатына қосылуға зор мүмкіндігі бар екенін аңғартады. Еліміздің тағы бір танымал теннисшісі Алек­сандр Шевченконың қарсыласы іріктеу сыны аяқ­талғаннан кейін анықталады.

Әйелдер арасындағы ел үздігі Елена Рыбакина (WTA №5) Кая Юванмен (WTA №97) кездеседі. 25 жастағы словениялық сұлудың ауыз толтырып айтарлықтай табысы жоқ. Сол себепті талай дүрмектерде дара шыққан әккі Еленаға бұл қарсыласын қапы қалдырып, келесі кезеңге өту еш қиындық туғыза қоймас деп ойлаймыз. Юлия Путинцева (WTA №105) Беатрис Аддад Майямен (№ 59 WTA) күш сынасады. Биыл жазда 30 жасқа толғалы отырған Бразилияның ойыншысы жұптық бәсекеде өте мықты. 2022 жылы Аустралия ашық біріншілігінің финалына дейін жетті. Жекелеген сында WTA-ның төрт турнирінде топ жарып, Ролан Гарростың жартылай финалында ойнады.

Wild-card арқылы Мель­бурндегі бәсекеде бақ сынау мүмкіндігіне ие болған Зарина Диас (WTA № 285) Паула Бадосаға (WTA № 25) қарсы шығады. Дәл қазір Испания спортшысының біздің қызға қарағанда қарқыны едәуір күшті екені даусыз. 28 жастағы Пиреней түбегінің тумасы былтыр дәл осы турнирде үздік төртікке енді. Оның алдында Ролан Гаррос пен АҚШ-тың ашық біріншілігінің ширек финалына шығып, әлемнің екінші ракеткасы атанды.

Соңғы жаңалықтар