Әуе компанияларының мәліметінше, жаппай кешігулерге қолайсыз ауа райы себеп болған. Ұшу-қону жолағындағы көктайғақ салдарынан рейстерді орындау қауіпті болған.
Соның салдарынан 15 қаңтардағы күндізгі және кешкі рейстер кейінге қалдырылды. Атап айтқанда, Астана – Атырау – Астана, Алматы – Атырау, Атырау – Алматы бағыттарындағы рейстер тоқтатылды. Ал Амстердам – Атырау халықаралық рейсі мәжбүрлі түрде Ақтау қаласындағы қосалқы әуежайға қонды.
Әлеуметтік желілерде жолаушылардың шағымдары да пайда болды.
«Бүгін таңғы 05:00-де бізді қонақүйден алып кетіп, ұшу уақыты 09:00 болады деді. Кейін 11:00-ге, одан соң 11:30-ға ауыстырды. Тамақ та, сусын да берілмеді. Демалатын бөлме де жоқ. Өз есебімізден тамақ пен сусын сатып алуға мәжбүрміз. Әуе компаниясы нақты ұшу уақытын айтпай отыр», деп жазды жолаушылар.
Онымен қоса Атырауда қар қайта жауа бастады. Бұл ауа райы жағдайын одан әрі нашарлатты. Алдағы сағаттарда рейстердің орындалу-орындалмауы әзірге белгісіз.
Air Astana әуе компаниясының баспасөз қызметі 15 қаңтардағы барлық кешкі рейстердің 16 қаңтарға ауыстырылғанын растады.
«КС 983/984 Астана – Атырау – Астана, КС 885 Алматы – Атырау, КС 878 Атырау – Алматы рейстері, сондай-ақ Ақтауға бағытталған КС 904 Амстердам – Атырау рейсі кейінге қалдырылды. Кешіктірілген рейстердің жолаушыларына тамақ пен сусын ұсынылады. Жолаушылардан рейстердің мәртебесін әуе компаниясының сайтынан немесе мобильді қосымшасынан тексеруді сұраймыз», делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, бір күн бұрын Хиуаз Доспанова атындағы әуежайда тағы бір оқиға тіркелген. Алматыдан келген FlyArystan әуе компаниясының ұшағы қонғаннан кейін рульдеу жолынан шығып кеткен. Ұшақта 166 жолаушы болған, зардап шеккендер жоқ.