Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Қор негізінен әлеуметтік маңызы бар, бағдарламалық жобаларды жүзеге асырады. Осы бағыттағы ауқымды бастамаларға қолдау жасайды. Қиын жағдайға тап болған, аз қамтылған, көпбалалы, мүгедектігі бар азаматтарға нақты материалдық көмек көрсетеді. Барлық қаржы екі бағытқа – атаулы көмек пен даму бағдарламаларына бөлініп отырады. Атаулы көмекке қарағанда, даму жобаларының басында нақты адамдар емес, халықтың тұтас топтары тұрады. Көмектің екі түрін де алушылар санаты еліміздің әлеуметтік дамуының басым бағыттарын негізге ала отырып, Қор тұжырымдамасында нақты белгіленген.
Қор денсаулық сақтау саласында қымбат ем-дом қажет ететін науқастарға көмек көрсетеді, сирек кездесетін ауруларға шалдыққан балаларды емдеуге қаржы бөледі, шалғай ауылдарға медициналық қызметті қолжетімді етуге атсалысады.
Білім беру саласында дарынды, бірақ әлеуметтік жағдайы төмен оқушылар мен студенттерге шәкіртақы тағайындайды. Ауыл мектептерін құрал-жабдықтармен толықтырып, инклюзивті білім беру құралдарымен қамтамасыз етіп отырады. Ауылдық жерлерде спорт алаңдарын, руханият нысандарын салу, ерекше қажеттілігі бар жандарға кедергісіз орта қалыптастыру жұмыстарымен жүйелі шұғылданады.
Қор құрылғалы бергі үш жыл ішінде бірқатар нақты нәтижеге қол жеткізді. Айтап айтқанда, 2022 жылдан бері 2 500-ден астам балаға сирек кездесетін ауруларды емдеуге көмек көрсетілді. 10 мыңнан астам студент пен оқушы білім гранты мен шәкіртақыға ие болды. Ел көлемінде 200-ге жуық арнайы жабдықталған бөлме мен психологиялық-педагогикалық көмек орталығы ашылды. 32 аудандық аурухана мен амбулаторияны заманауи құралдармен жабдықтауға қаржы бөлінді. Жалпы, Қор осы кезеңде 130 млрд теңгеден астам қаражатты әлеуметтік жобаларға бағыттаған.
Қор толығымен ерікті қайырымдылық есебінен жұмыс істейді. Қаржы ірі кәсіпкерлер мен компаниялардың аударымдары, жеке тұлғалардың атаулы жарналары, мемлекеттен тікелей қаржыландыру емес, қоғамдық қолдау арқылы түседі.
Қор жұмысы ашықтық қағидаттарына сай жүргізіледі. Арнайы сайтта барлық түсім мен шығындар туралы мәлімет тұрақты жарияланып тұрады. Қаражат нақты жобалар мен көмекке мұқтаж адамдарға бағытталады. Өтініштер мен ұсыныстар онлайн режімде қабылданады.
Қор алдағы уақытта да халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына ұзақмерзімді қолдау көрсету, медициналық сақтандыру жүйесін толықтырушы құрал ретінде қызмет ету, ауылдық жерлер мен аймақтарда сапалы өмір сүруге мүмкіндік жасау, балалар мен жастардың дамуына инвестиция салу жұмыстарын жүйелі, мақсатты түрде жалғастыра береді.
Түйіндей келгенде, «Қазақстан халқына» қоры – мемлекеттік емес, халықтық сипаттағы ірі әлеуметтік жоба. Қызметі әлеуметтік әділеттілік, қайырымдылық пен азаматтық жауапкершілік қағидаттарына негізделген. Мемлекеттің қолын ұзартатын, қоғамның жүрегіне жақын, өзара сенімге құрылған бірегей құрылым.