Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева, құқық қорғау органдары мен жауапты салалардың басшылары, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары қатысқан салтанатты жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа пәтер иелерін құттықтап, өңірлік бағдарламаның тиімділігін атап өтті.
«Бүгінде облысымыздағы жастар саны 250 мыңға жуықтады. Осыдан 3 жыл бұрын «Сыр жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы қабылданып, 2024 жылы 100 жас отбасы баспаналы болды. Былтыр осы бағдарлама аясында 1 млрд 200 млн теңге, «Отбасы банк» тарапынан 500 млн теңге қаралды. Бүгін 100 пәтерлік 2 тұрғын үй білім, медицина, мәдениет, спорт, қаржы, әлеуметтік салаларда қызмет ететін жас отбасыларға табысталып отыр. Жаңа баспаналарыңыздың іргетасы берік, әр шаңырақтың іші татулық пен берекеге толы болғай!», деді Н.Нәлібаев.
Облыс әкімі және қонақтар өңірлік бағдарламамен пәтер алған жас маманның жаңа пәтеріне кіріп, ізгі тілектерін білдірді.
Еске салайық, бұған дейін Ұлытау облысында 32 жас отбасы баспаналы болғанын жазған едік.