Фото: kazgazeta.kz
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет экономиканы әртараптандыру жөнінде жүйелі шаралар қабылдап жатыр. Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жылы экономикалық өсімге негізгі үлесті көлік, құрылыс және сауда салалары қосты.
Өнеркәсіп өндірісінің индексі жыл қорытындысы бойынша – 7,4%-ды құрады. Өңдеу секторы – 6,4% деңгейінде тұрақты өсімді көрсетіп келеді. Оң көрсеткіштер азық-түлік өндірісінің – 8,1%-ға, өңделген мұнай өнімдерін өңдеу – 5,9%-ға, химия өнеркәсібі өнімдерінің – 9,8%-ға, металлургияның – 1,2%-ға, машина жасау өнімдерінің – 12,9%-ға ұлғаюына байланысты тіркелген.
Өсім Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Түркістан облыстарында, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында байқалды. Жыл қорытындысы бойынша көлік және қоймалау саласындағы өсім – 20,4%-ды құрады (қаңтар-қарашада – 20,3%). Бұл жүк тасымалы көлемінің, ең алдымен автомобиль және теміржол көлігі арқылы тасымалдаудың ұлғаюына, сондай-ақ бірқатар өңірде жолаушылар тасымалының артуына байланысты болды. Қосымша көлік қызметтерінің, оның ішінде жүктерді экспедициялау, әуе қозғалысын басқару қызметтерінің, әуежайлардың, қоймалар мен пакгауздардың қызметтерінің, астық сақтау қызметтерінің және салқындатылған жүктердің көлемінің артуы байқалады.
Құрылыс саласындағы өсім – 15,9%-ды құрады, бұл 2025 жылғы қаңтар-қараша айларындағы (14,7%) көрсеткішінен жоғары. Өсім жайлы мектептер, медициналық нысандар, көлік және инженерлік инфрақұрылымдар салуды қоса алғанда, инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру бағыты бойынша қамтамасыз етілген. 2025 жылғы қаңтар-желтоқсанда пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы ауданы 20,1 млн шаршы метрді құрады, бұл 2024 жылғы деңгейден 5,1%-ға жоғары.
Сауда саласында да оң серпін сақталған. 2025 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында өсім 8,9%-ды құрады (қаңтар-қарашада – 8,8%). Негізгі үлес жалпы көлемнің үштен екісінен астамын құраған көтерме саудаға тиесілі болды. Көтерме сауда көлемінің өсу қарқынына астық, тұқым және мал азығын сататын кәсіпорындар – 2,6 есе, машиналар мен жабдықтар – 99,8%, фармацевтикалық тауарлар – 44,1%, автомобильдер мен жеңіл автокөлік құралдары – 33%, сүт өнімдері, жұмыртқа мен майлар – 25,8%, қант, шоколад және қантты кондитерлік өнімдер – 21,2%, кең ассортименттегі тауарлар – 12,5% әсер етті. Ауыл, орман және балық шаруашылығындағы көрсеткіштер – 5,9% құрады. Өсімдік шаруашылығында (7,8%) және мал шаруашылығында да (3,3%) оң динамикалық өсім тіркелген.
Ақпарат және байланыс саласында өсім – 3,6%-ды құрады. Үкімет 2025 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың жиынтық өсімі негізгі салалардың тұрақты дамуын көрсеткенін хабарлап отыр.