Фото: ашық дереккөз
CNN мәліметінше, Тегеран провинциясының Бахарестан округінде Иран билігі шамамен 100 адамды ұстаған. Бұл – ел астанасы маңындағы аудан. Ұсталған азаматтар қоғамдық тәртіпті бұзды және жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды деген айыппен қамауға алынған. Бұл туралы Tasnim агенттігіне жергілікті шенеуніктердің бірі хабарлаған.
Оның айтуынша, ұсталғандардың бір бөлігі бейбіт тұрғындар мен қауіпсіздік күштеріне қарсы атыс және суық қару қолданған. Алайда нақты эпизодтар бойынша егжей-тегжейлі мәлімет берілмеген.
БАҚ: Иранның рухани жетекшісі Мәскеуге қашуды жоспарлап отыр
Сонымен қатар құқық қорғау ұйымдары наразылық салдары әлдеқайда ауқымды екенін алға тартып отыр. АҚШ-та орналасқан HRANA агенттігінің дерегіне сәйкес, екі апта ішінде ел бойынша кемінде 65 адам қаза тапқан. Олардың ішінде 14 қауіпсіздік қызметкері және 48 наразылыққа қатысушы бар. Ұсталғандар саны 2 300 адамнан асқан.
Ал Time журналы бұдан да қатаң деректер келтіреді. Басылым денсаулық сақтау саласындағы дереккөздерге сілтеме жасап, қаза тапқандар саны 217 адамнан кем емес екенін жазады. Құрбандардың басым бөлігі атыс жарақатынан көз жұмған. Мәлімет бойынша, Тегерандағы алты аурухананың өзінде жүздеген наразылыққа қатысушының өлімі тіркелген, олардың көпшілігі – жастар. Алайда журнал бұл ақпаратты дербес растау мүмкін болмағанын атап өтеді.
Осы жағдай аясында саяси риторика да күшейіп келеді. Иранның соңғы шахының ұлы, тақ мұрагері Реза Пехлеви наразылық білдірушілерді тек митингілермен шектелмей, қалалардағы маңызды нысандарды басып алып, бақылауда ұстауға дайындалуға шақырды. Ал Иран билігі бұған дейін наразылық акцияларына қатысушыларға өлім жазасын қолдану мүмкіндігін жоққа шығармаған.
Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Тегеранда тәртіпсіздіктер кезінде ондаған мешіттің өртелгені туралы мәліметтер тарады. Мониторингтік топтар ел ішінде интернеттің толық өшірілгенін де хабарлап отыр.
Иранда ұлттық валютаның құлдырауы жаппай наразылықты күшейтті
АҚШ-тың президенті Дональд Трамп Ақ үйде өткен брифингте Ирандағы жағдайға қатысты пікір білдіріп, егер қауіпсіздік күштері демонстранттарға оқ атса, АҚШ тарапынан жаңа соққылар жасалуы мүмкін екенін айтты.
«Егер олар ататын болса, біз де атамыз», деді Дональд Трамп.