Сурет: ru.freepik.com
- Гонконгта теннистен АТР 250 турнирінің жалауы желбіреді. Жарысты екінші айналымнан бастаған Александр Бублик әлемдік рейтингте 77 тұрған Ботик Ван де Зандсхюлппен кездесіп, оны 6:3, 6:3 есебімен қапы қалдырды. Бәсеке 1 сағат 11 минутке созылды. Келесі кезеңде Бублик АТР тізімінде 406 сатыға жайғасқан қытайлық Шан Цзюнчэнмен күш сынасады.
- Бірінші жартылай орта салмақта жұдырықтасып жүрген қазақтың танымал кәсіпқой бокс шебері Батыр Жүкембаев келесі кездесуін 9 мамырда Шохжахон Эргашевке (26-2, 23 КО) қарсы өткізеді. 34 жастағы Өзбекстанның өкілі панчерлер қатарына жатады. Осы күнге дейін 28 рет шаршы алаңға шыққан ол 26 мәрте жеңіске жетті. 23 қарсыласын есінен тандырды. Батыр Шохжахонмен түйдей құрдас. Қандасымыз 25 жекпе-жектің тек біреуінде ғана ұтылды. Қарсы шыққандарды 17 рет сұлатып салды. «All Stars Entertainment» промоутерлік компаниясы Жүкембаев пен Эргашев арасындағы кездесуді Ташкентегі «Хумо Аренада» ұйымдастыруды құп көрген екен.
- Фиде 29 наурыз бен 15 мамыр аралығында Кипрде шахматтан өтетін «Үміткерлер турниріне» кімдердің қатысатынын ресми түрде жария етті. Бұл тізімде бұрынырақта жазғанымыздай, біздің Бибісара Асаубаевадан бөлек, ресейлік Александра Горячкина мен Екатерина Лагно, қытайлық Чжу Цзиньэр мен Тань Чжунъи және үндістандық Дивья Дешмукх, Хампи Конеру, Рамешбабу Вайшали сынды шеберлер бар. Ал ерлердің сайысында америкалық Фабиано Каруана мен Хикару Накамура, нидерландтық Аниш Гири, германиялық Маттиас Блюбаум, қытайлық Вэй И, үндістандық Рамешбабу Прагнанандхар, ресейлік Андрей Есипенко, өзбекстандық Жавохир Синдаров өнер көрсетеді. Естеріңізге сала кетейік, қазіргі кезде әлем чемпионы атағы Үндістанның дүлдүлі Гукеш Доммараджу мен Қытайдың бұрымдысы Вэньцзюнь Цзюйге тиесілі. «Үміткерлер турнирінде» дара шыққан шахматшы дәл осы мықтылармен айқасып, чемпиондық тәжді сарапқа салады.
- Құрлықтық хоккей лигасында күш сынасып жүрген «Барыс» Қазанға сапар шегіп, жергілікті «Ақ Барыспен» кездесті. Осы команда арасындағы кейінгі бес ойында татарстандықтар жеңіске жеткен еді. Бұл жолы да «Ақ Барыс» басымдық танытты. Олар біздің қақпамызға үш гол соқса, елордалық ойыншылар бір ғана шайбамен жауап қайыруға жарады, есеп – 3:1.
- Аралас жекпе-жек шебері Бағлан Жақанша Оңтүстік Кореяда іргетасы қаланған «Black Сombat» промоушенімен келісімшартқа отырды. Кезінде грек-рим күресімен айналысып, спор шебері деңгейіне жеткен Жақанша спорттық осы түрінде сегіз кездесу өткізіп, жетеуінде жеңіске жетті. Тағы бір айта кетерлік жайт, Бағланның сыңары – Қорлан Жақанша 2019 жылы күрес түрлерінен Астанада өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері.