Аймақтар • Кеше

Қайырымды азаматтардың демеуі

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен жылы күзде Шымкент қаласына қарасты Жаңаталап елді мекенінде екі үй өртеніп кетіп еді. Сонда халық болып көмектесіп, зардап шеккен отбасылардың баспанасын тұрғызуға үлкен жәрдем жасады. Қоғам белсендісі Бағира Салықбаева қайырымдылық жасаған азаматтардың арасынан Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Абзал Зейнетаевты ерекше атады.

Қайырымды азаматтардың демеуі

Халық қалаулысы кәсіп­­кер­лер­ді жұмыл­ды­рып, бір отба­сы­ның үйін қайта жөн­деп бе­руге ұйыт­қы болыпты. Жаңа­та­лап­тық ағайындар депутаттың аза­мат­тығына дән риза. А.Зей­нетаев сол кезде әлеуметтік желідегі парақшасында: «Осыдан біраз уақыт бұрын Жаңаталап елді мекенінде тілсіз жау екі бірдей отбасының баспанасын шарпыды. Бірінші үй толықтай өртеніп, жанама орналасқан екінші үйдің тек қабырғасы ғана қалған. Бұл жағдай ұзақ жылдар бойы өз күшімен баспана тұрғызған отбасыларға ауыр соққы болды. «Amanat» партиясы Тұран аудандық филиалының төрағасы әрі қалалық мәслихат депутаты ретінде өрттен зардап шеккен екі отбасы мүшелерін қабылдап, оқиға орнына бардым. Жағдаймен жақын танысып, зардап шеккен жандарға моралдық әрі материалдық қолдау көр­сету мәселесін талқыладық. Жер­гілікті тұрғындар өзара ұйым­шыл­дық танытып, бірінші отба­сыға көмек жинауды бастап кетіп­ті. Біз белсенді азаматтармен, кәсіпкерлермен бірлесе отырып, екінші баспананы тұр­ғызуға атсалысатын болып келістік. Мұндай сәтте елдің бір­лігі мен жанашырлығы айқын сезі­леді. Бір­лі­гіміз бекем, жүрегіміз мейірімге толы болсын!» деп жазды.

Бүгінде өртке оранған үй ағайын-туыс, Жаңаталап тұр­ғын­дары көмегінің арқа­сын­да қайта салынып, адамдар тұрып жатыр. Жанында орна­ласқан көрші баспананың жөндеу жұмыстары бітуге таяу. Үй иесі отбасымен әзірге жақын маң­дағы саяжайды паналап отыр.

«Жаңаталап елді мекенінің жаңа құрылыс аумағынан үй салған едім. Өзім жүк көлігін айдаймын. Күздің орта кезі еді. Сыртта көлік жөндеп жатқанмын. Бір кезде үйден өрт шықты. Абырой болғанда келіншегім жұмыста, бала-шағам мектепте еді. Көршілерді шақырып келгенше жалын күшейіп бой алдырмай кетті. Өрт қасымдағы көршімнің де үйін шарпып үлгерді. Әзірге өрттің шығу себебі неден екені белгісіз болып отыр. Жалпы, қауіпсіздік шараларының бәрін жасағанмын. Бұл да бір жазатайым оқиға, басқа түскен сынақ. Халыққа рахмет. Бірден көмек қолдарын созып, қаржылай жәрдемдерін көрсетті. Ағайын-туыс, елдің көмегінің арқасында үйімді қайта тұрғызып, аз уақытта ішіне кіріп алдым. Бірлік болса кез келген қиын­дықты еңсеруге болады. Со­ған көзім анық жетті», дейді өрт­тен зардап шеккен Нышанәлі Зияқұлов.

Өрт шалған үйлерді қайта са­лып, жөндеуге кәсіпкерлерді жұ­мылдыруға, қайырымдылық жұмыс­тарын ұйымдастырып, сол округ­тен сайланған депутатқа мән-жайды жеткізуге Тұран аудан­­дық әкімдігі де зор көмек көр­сетті.

А.Зейнетаев бастаған қайы­рым­ды жандар отқа оранған үйдің жанын­дағы баспананы қайта жөн­деуге жәрдемдесіп, біраз құрылыс жұмыстарын атқа­рып берді. Есік алдын бетонмен тегістеп, үйдің қасбетін тақтатаспен әрледі, шатырын жапты. Енді үйдің ішкі әрлеу жұмыстарын толық жасап беруге уәделесіп отыр. Ішкі құрылыс жұмыстарының бағасы шығарылып, жұмысшылармен ар­найы келісім жасалыпты. Жұ­мыстар көп күттірмей басталады.

Жалпы, халық қалаулы­ла­рының қайырымдылық көмек­тері бір мұнымен шектеліп қал­маған. Шымкент қалалық мәс­ли­хатының төрағасы Бахадыр Нарымбетовтің айтуынша, депутаттар бұдан басқа да талай сауапты істерге ұйытқы болып жүр. Олардың бас­тамасымен әлеуметтік жәрдемге мұқтаж бірнеше отбасы баспаналы болыпты.

ШЫМКЕНТ 

Соңғы жаңалықтар