Депутаттар өндіріс аумағын аралап, еңбек жағдайын көрді. Кәсіпорынның өнеркәсіптік әлеуетіне назар аударды. Жаңа жоба өңір үшін маңызды екені бірден байқалды.
20 желтоқсанда іске қосылған Eco Glade серіктестігі жылына 2 400 тоннаға дейін agaricus тектес саңырауқұлақ өндіруге бағытталған. Сонымен қатар мұнда 4000 тонна компост, яғни шымтезек шығару жоспарланған. Қазіргі таңда кәсіпорында 65 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
Мәжіліс депутаттары бұл өндіріс өңірдің қайта өңдеу секторын дамытуға нақты үлес қосатынын атап өтті. Жоба азық түлік қауіпсіздігін нығайтуға да бағытталған. Кәсіпорын арнайы экономикалық аймақтың жеңілдіктерін пайдалана отырып іске асырылған. Бұл өндірісті жылдам жолға қоюға және инвестициялық шығынды азайтуға мүмкіндік берген.

Дмитрий Колода жобаға қатысты өз пікірін ашық жеткізді. «Мұндай жобалар мемлекеттің қолдауы бизнестің мультипликативті әсер бере алатынын нақты көрсетіп отыр. Мұнда қомақты инвестиция бар. Заманауи технология қолданылып отыр. Жаңа жұмыс орындары ашылды. Өңірдің өнеркәсіптік инфрақұрылымы дамып келеді. Отандық бизнесті қолдау мен қайта өңдеуге инвестиция тарту арқылы Мемлекет басшысы айтқан тұрақты экономика біртіндеп қалыптасып жатыр», деді ол.
Депутаттың айтуынша, осындай өндірістерді іске қосу Солтүстік Қазақстан облысының әлеуетін айқын көрсетеді. Өңір қосылған құны жоғары жобаларды жүзеге асыруға қабілетті алаңға айналып келеді.
Жұмыс сапары барысында мәжілісмендер кәсіпорын қызметкерлерімен де кездесті. Олар өңірлердің дербестігін күшейтуге бағытталған жаңа Бюджет және Салық кодекстері аясындағы заңнамалық нормалар туралы түсіндірді. Қабылданған өзгерістердің мәні мен мақсаты айтылды.
Айта кетейік, 5 қаңтар мен 13 қаңтар аралығында Мәжілістегі «AMANAT», Ауыл, Ақ жол, ЖСДП, ҚХП және Respublica партияларының фракция депутаттары өңірлерді аралап жүр. Бұл сапарлар барысында депутаттар халықты қабылданған заңдармен таныстырады. Заңдардың жергілікті жерде қалай іске асып жатқанын зерделейді. Сонымен қатар тұрғындарды толғандыратын өзекті мәселелерді тыңдап, ұсыныстарды жинақтайды.