Сурет: azattyq-ruhy.kz
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, былтырғы 25 желтоқсанда Атырау қаласының тұрғыны ағасының отбасы жоғалуына байланысты шағым түсірген. Алайда жоғалған жандарды іздестіру ісі былтырғы 29 желтоқсанда тіркелген.
Жоғалғандар – ерлі-зайыпты, олардың қызы мен ұлы. Отағасы Мақсот Қарабалин – 1959, әйелі Нәсіп Өтешқалиева 1961 жылы өмірге келген. Ерлі-зайыптының 1990 жылғы қызы Мирамгүл мен 1993 жылы туған ұлы Наурыздың үшінші топтағы мүгедектігі бар.
Департамент басшысының орынбасары Құттыбай Садықовтың айтуынша, ел аумағындағы емделу орындары тексеріліп жатыр. Төрт адамның телефон нөмірі Шымкент қаласының аумағында байланысқа қосылған. Бірақ төртеуі де еліміздің шекарасынан тысқары шықпаған.
«Із-түзсіз жоғалған төрт адамның тұрмыстық жағдайы орташа болған. Оларға ай сайын зейнетақы мен жәрдемақы түсіп тұрған. Қаржылық мәселе туындамаған», дейді Қ.Садықов.
Оның пікірінше, оларды ешкім бопсаламаған. Ерлі-зайыптылар мал ұстағанымен, сырт көз қызығатын бай-бақуатты емес. Бұл отбасының қызы мен күйеу баласы да іздестіріліп жатыр. Олар қарашада Махамбет ауданының Махамбет ауылындағы үйінен шығып кеткені анықталыпты.
«Күйеу баласының туыстарынан арыз түскен жоқ. Ол бес баласын анасына тастап, әйелін емдетуге алып кеткен. Олардың Түркістан облысындағы Қапланбек шекара бекетінен Өзбекстанға өтіп, одан әрі басқа елге кеткені белгілі болып отыр», деді Қ.Садықов.
Төрт адамның хабар-ошарсыз кеткені жұртшылықты алаңдатты. Бәрі де олардың ыстық ұясына аман оралуын тіледі. Алайда сейсенбіде ерлі-зайыптының мүрдесі табылды. Бұл деректі облыстық полиция департаментінің басшысы Нұрхат Оразбаев растады.
«Аталған дерекке қатысты адам өлтіру белгілерімен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілердің жеке басы анықталды. Қазір күдіктілерді табу, ұстау мақсатында тиісті жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр», деп мәлімдеді Н.Оразбаев.
Оның айтуына қарағанда, жоғалғандардың екеуі әлі табылған жоқ. Олардың жүрген жерін анықтауға қатысты іздестіру жалғаса береді.
Атырау облысы