Фото: Қорғаныс министрлігі
Департамент өкілдері Қорғаныс министрінің атынан жолданған құттықтау хатын ардагерге табыстап, оған мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.
«Сіз Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан, батырлық пен табандылықты ту еткен қаһарман ұрпақтың өкілісіз. Сіздің өмір жолыңыз біз үшін отансүйгіштік пен халқына адал қызмет етудің жарқын үлгісі», деді ардагерлермен жұмыс жөніндегі қызмет басшысы лейтенант Адия Нұрпейісова.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Павел Даценко 1925 жылы Қостанай облысының Владимировка ауылында дүниеге келген. 1942 жылдың желтоқсанында майданға аттанып, екінші Украина майданының құрамында шайқасқан. Ол Курсктегі ұрыстарға, Корсунь-Шевченко және Яссы-Кишинев шабуыл операцияларына қатысып, Румыния, Венгрия, Чехословакия жерлерін азат етуге атсалысты. Жеңісті Вена қаласының маңында қарсы алған. Соғыс жылдарында бірнеше рет жарақат алды. Бейбіт өмірде Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдарында қызмет етті.
Майдангердің ерлігі II дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін», «Кеңес Одағының маршалы Жуков» медальдарымен бағаланды. Сондай-ақ Президент Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.