Спорт • 07 Қаңтар, 2026

Жарыс күнделігі

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Қайрат» футзал клубы «Futsal Planet Awards 2025» конкурсының «Әлемдегі ең үздік клуб» аталымында бас жүлдеден үміткерлер қатарында енді. Алматылықтардан бөлек, бұл тізімде Аргентинаның «Бока Хуниорсы», Таиландтың «Хонген Тхакамы», Бразилияның «Жарагуасы», Италияның «Мета Катаниясы», Уругвайдың «Пеньяролі» бар. Бұл тартыста кімнің бағы жанатыны бүгін белгілі болады. Естеріңізге сала кетейік, былтырғы маусымда «Қайрат» Чемпиондар лигасының финалына дейін жетіп, шешуші тұста Испанияның «Пальмасына» 4:9 есебімен есе жіберді.

Жарыс күнделігі
  • «Transferroom» порталы жыл қоры­тындысында 21 жасқа дейінгі футбол­шылардың арасынан үздіктерді анықтады. Бір қуантарлық жайт, осы рейтингіде еліміздің ұлттық құрамасы мен Алматының «Қайрат» клубының 17 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтбаев көш бастап тұр. Екінші, үшінші орындарда – гондурастық Дерек Монкада («Олимпия») мен боливиялық Эсклейзон Фрейта («Боливар»).
  • БАӘ-нің Фуджейра қаласында семсерлесуден жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогінің кезеңдік сайысы аяқталды. Жарыс­тың алғашқы күні Софья Ақтаева рапирадан күміс медаль жеңіп алды. Бастапқы бәсекелерде барлық қарсыласынан басым түскен ол жартылай финалда қытайлық Ху Бейниді 15:8 есебімен қапы қалдырды. Финалда отандасымыз ресейлік Стефания Часовниковаға есе жіберді – 11:15. Жарыстың соңғы күні Тимофей Семенов қола жүлде еншіледі.
  • «Астана» клубы инвесторларының бірі ретінде олигарх Айдын Рақымбаевтың есімі аталып жатыр. «BI Group» компаниясының басшысы елордалық клубқа қаржылай көмек көрсетіп қана қоймай, жаңа, заманауи та­лаптарға сай футбол академиясының іргетасын қалауды жоспарлап отыр.
  • Теннистен еліміздің екінші ракеткасы Юлия Путинцева Брисбендегі (Аустралия) WTA 500 турнирінің іріктеу сынынан өте алмаған еді. Дегенмен чехиялық Каролина Плишкованың осы жарысқа қатысудан бас тартқанының арқасында оған жасыл құрлықта қалуға тағы бір мүмкіндік туды. Оны Юлия ұтымды пайдаланды. Тұсаукесер кездесуінде америкалық Хейли Баптисті 6:2, 6:4 есебімен ұтты. Енді украиналық Марта Костюкпен шеберлік байқасады. Бәсекені екінші кезеңнен бастайтын Елена Рыбакина қытайлық Чжан Шуаймен күш сынасады. Сол секілді Анна Данилина мен сербиялық Александра Крунич жұбы 1/8 финалда америкалық София Кенин мен Дезире Кравчикті 7:6, 6:4 есебімен еңсерді. Ширек финалда оларды Ресейдің қос жұлдызы Екатерина Александрова мен Мирра Андреева күтіп тұр.
  • Жартылай орта салмақтағы UFC-дің экс-чемпионы Джек Делла Маддалена Шавқат Рахмоновпен айқасқысы келетінін мәлімдеді. 29 жастағы Аустралия спортшысының аралас жекпе-жекті серік еткеніне 10 жыл болды. Сол аралықта 21 кездесу өткізген ол 19 мәрте жеңіске жетті. 14 кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Джек спорттық мансабын бастаған бетте екі рет жеңілген. Одан кейін тоғыз жылдан аса уақыт бойы ешкімге дес бермеді. Бірақ былтыр қараша айының бел ортасында ресейлік Ислам Махачевтен ұтылып, чемпиондық белбеуінен айырылды. Бұл күндері Маддалена UFC рейтингінде бірінші орында, Шавқат екінші сатыда тұр.
Соңғы жаңалықтар

Жасанды интеллект құрылысқа жат емес

Жасанды интеллект • Бүгін, 09:55

Әскер беделі – ел беделі

Әскер • Бүгін, 09:45

Қайырымды азаматтардың демеуі

Аймақтар • Бүгін, 09:40

Егінді «AgroSky» бақылайды

Технология • Бүгін, 09:35

Сингулярлық кезең

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:30

ЖИ-ді қолдану қауіпсіз бе?

Жасанды интеллект • Бүгін, 09:20

«Шыны мақтадан» табыс тапқан

Өндіріс • Бүгін, 09:15