Еркін күрес шеберлері арасында ең үздік нәтиже Асылжан Есенгелдіге тиесілі. 61 кг салмақта күш сынасып жүрген қандасымыз UWW тізімінде төртінші орында. Былтырғы маусым Асылжан үшін табысты болды. Бірқатар маңызды жарыста жүлде алып, Хорватия астанасы Загребте ұйымдастырылған әлем чемпионатында қола медальға қол жеткізді.
92 кг салмақ дәрежесіндегі Камиль Круглиев сегізінші сатыға жайғасса, 70 кг салмақтағы Нұрқожа Қайпанов тоғызыншы орынға тұрақтады. Бір кереметі, Нұрқожаның қоржынында дүниежүзілік доданың толық жүлде жиынтығы бар. Атап айтсақ, 2019 жылы Астанада күміспен күптелсе, 2024 жылы Тиранада топ жарды. 2025 жылы Загребте қолаға қол созды. Сондай-ақ Н.Қайпановтың Азияның үш дүркін чемпионы деген атағы бар.
Ал грек-рим күресінен әлем чемпионы атанып, Алаш жұртының талай жылғы арманын орындаған Айдос Сұлтанғали (60 кг) бесінші орында. Соңғы рет «классиктер» дүниежүзілік додада 1999 жылы дараланған еді. Ол кезде Афинада Мкхитар Манукян топ жарды. Енді, міне, ширек ғасырдан аса уақыттан кейін Загребте Айдостың асығы алшысынан түсті. Мерей Мәулетқанов (72 кг) пен Ислам Евлоев (87 кг) алтыншы, Әлімхан Сыздықов (130 кг) оныншы орынға табан тіреді.
Әйелдер күресінен еліміздің ең үздік балуаны Жәмила Бақбергенова (72 кг) UWW рейтингінде алтыншы орында. Былтырғы маусым қазақ қызы үшін аса сәтті болмады. Себебі осыған дейінгі әлем чемпионаттарында үш күміс, бір қола олжалаған Жәмиланың әлем чемпионатынан қоржыны бос қайтты. Виктория Хусаинова (59 кг) тоғызыншы орында, Елмира Сыздықова (76 кг) үздік ондықты түйіндеп тұр.