Бір жағынан, талантты жас өнерпазға елордалық бірегей театрдың сахнасы бөтен емес. Ол осындағы балалар студиясында оқыған. Сондай-ақ «Тоска», «Богема», «Турандот» сынды бірқатар операларда өнер көрсеткен.
– Музыка мектебінің вокал сыныбын бітірдім. Содан кейін анам мені «Астана Операның» хор студиясына берді. Осында алғаш рет опера әлемімен жақын таныстым. Ұстазым Алтынғаным Ахметованың жетекшілігімен бірнеше қойылымға қатыстым. Театр примасы Жұпар Ғабдуллинаның орындауындағы Турандоттың «In questa reggia» ариясын алғаш рет онымен бір сахнада тұрып естідім. Бұл – мен үшін жарқын естелік болып қалды. Шынымды айтсам, Пуччини музыкасының әсемдігі, оркестрдің ауқымдылығы мен режиссерлік қойылымның керемет үйлесімі мені ерекше сезімге бөледі. Көзіме жас алдым. Осы сәттен опера театрына деген махаббатым ояна бастады, – деді опера әншісі.
Әзиза Омарова – Италияның Новара қаласындағы Гвидо Кантелли атындағы мемлекеттік музыкалық консерваториясын тәмамдаған. Қазір ол Дж.Верди атындағы консерваторияның магистратурасында білім алып жатыр. Сонымен бірге дарынды өнерпаз Италияның Чивитанова-Марке қаласындағы Дж.Россини театрында В.А.Моцарттың «Бәрі осылай жасайды» операсында Деспинаның, Комо қаласындағы қоғамдық театр сахнасында А.Баццинидің «Туранда» операсындағы Адельманың партиясын сомдаған.
Айта кетейік. «Piccolo» театры танымал жобасы аясында «Жібек саты» операсы елордалық өнер ордасында 2019 жылдан бері табысты қойылып келеді.