Қоғам • 07 Қаңтар, 2026

Бар ізгілік – білімде

120 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Жас дарын» мектебінің бір топ оқушысы жетім және қамқорлықсыз қалған балаларға қосымша сабақ үйретіп, білімде ілгері басуларына көмектесіп жүр. Қамкөңіл ұл-қыздардың жандарына жылулық сыйлаған жоба 2021 жылдан тұрақты жалғасып келеді.

Бар ізгілік – білімде

Суретті түсірген – автор

Халқымыз «Жетім көрсең, жебей жүр», деп бекер айтпаған. Тағдыр талқысына ерте түскен жетім балалардың көңілін аулап, жанына демеу беру, қамқорлық көрсету – игі іс.

Осыдан төрт жыл бұрын Пав­лодар қаласындағы «Жас дарын» мамандандырылған мек­теп-лицейі «Оқушыдан-оқу­шыға» деген білім жобасын бас­тап, ол бүгінде өңірдегі нәти­же­лі бастаманың біріне айна­лып үлгерді. Қазіргі уақытта жас дарындық 23 оқушы «Кен­же­көл отбасылық үлгідегі бала­лар ауылында» тәрбиеленіп жат­қан жетім және ата-ана қам­­қорлығынсыз қалған бала­лар­ға бос уақыттарында қосым­ша сабақ үйретеді. Оның арқа­сын­да балалар үйінде тұратын жасөспірімдердің мектептегі сабақтары дұрысталып, тәуір ба­ғалар ала бастаған. Тіпті олардың алды облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған мектептерге ауысып, оқи бастаған.

– Отбасылық үлгідегі ауылымызда 70 баланы тәрбиелеп отырмыз. Олар кәдімгі мектептерде білім алады. Бірақ білімдерін қосымша жетілдіру үшін репетитор жалдауға бізде қаражат жоқ. Бізді бұл қиындықтан дарынды балалар құтқарып отыр. Атап айтқанда, 23 баламыз «Оқушыдан – оқушыға» жобасының игілігін көріп отыр. Олар математика, ағылшын, Қазақстан тарихы, биология сияқты негізгі пәндерден қосымша сабақтар алады, түсінбеген тақырыптарын нақтылайды. Тиімді әдістің арқа­сында білімнің сапасы көтеріліп келе жатыр. Төрт жыл ішінде біз­дің тәрбиеленушілер көп нәти­же­ге қол жеткізді. Ең әуелі 14 ба­­ла­мыз бүгінде Павлодар­дағы да­­рын­ды оқушыларға арнал­ған мек­­тепте оқиды. Бір түлегіміз Каспий университетінің білім грантын иеленді. Бала мен бала сөйлескенде сабақтың жеңіл қабылданатынын байқаймыз. Тәрбиеленушілерімізге тегін қосымша білім ұсынып отырған лицей оқушыларына алғысымыз шексіз! – дейді Кенжекөл ауылын­дағы балалар ауылының басшысы Айжан Шамғалиева.

Негізі бұл идеяның авторы – «Жас дарын» мамандандырылған мектеп-лицейінің директоры Гүлнар Жанғазы. Алғашқыда бұл іске 7–8 оқушыны жұмылдырып, тиімділін байқаған соң қосымша білім беруге ынталы өзге дарынды балаларды тарта бастаған.

– 2021 жылы мектебіміз бен балалар ауылы арасында арнайы меморандум қабылдадық. Оқу­шыларымыз үйрететін қосым­ша білім тегін әрі онлайн түрде өтеді. Біздің мектепте дарын­ды ба­лалар жеткілікті. Олар­дың әлеуетін жетім балаларды дамы­туға бағыттасақ, одан ұтыл­май­тынымызды білдім. Оқу­шы­­лар алғашқыда мұндай балалар ауы­лы барын білмейтін. Же­тім балалардың тағдырлары туралы айтқанымызда, оқушы­ла­ры­мыздың бойында жанашыр­лық сезімдері оянды. Кейін мұн­дай жобаның бар екенін ата-ана­ларға хабардар еттік. Ересектер балаларының игі іспен айналысып жүргендерін естіген­де көз­деріне жас алып, қатты толқыды. Кейін тіпті олардың қосымша сабақтарды тұрақты өткізулерін қадағалай бастады. Балалары сабақ өткізер алдында бөлмелерін жиыстырып, әдемі киімдерін киіп, өздерін ересек адамдарша ұстайтындарын айтып келеді ата-аналары. Мұның барлығы бізді қуантады, – дейді мектеп басшысы.

Қазіргі уақытта «Жас дарын» бойынша 8–11-сыныптардағы оқушылар бұл іспен тұрақты шұғылдана бастаған. Айтула­рынша, балалар үйіндегі тәр­бие­­ленушілер көбіне қиын тақы­­рыптарды меңгеру үшін, бөлім бойынша жиынтық баға­лаулар кезінде жиі хабарласады екен. Сөйтіп, екеуара уақытын келісіп, сабақты онлайн түрде өткізеді.

– 11-сыныпта оқып жатырмын. София есімді 10-сынып оқушысына бос уақытымда биологиядан қосымша сабақтар өткіземін. София алда өтетін тақы­рыптар туралы, қандай уни­­вер­ситеттерге түсуге болаты­нын көп сұрайды. Кейде өзім біл­мейтін тұстарымды осындай сабақтар арқылы қайтадан зерттеп аламын. Ата-анам мені үнемі қолдайды. Олар бұл ісімнің екі жаққа да пайдалы екенін жақсы түсінеді, – дейді дарынды жас Алдияр Түменбаев.

Ал 11-сыныптың тағы бір оқушысы Нұрайым Жанғазы балалар ауылында тұратын Артем Герасимчукке ағылшын тілінен көмектесіп жүр. Айтуынша, Артем ағылшынша тілін сындырып, әжептәуір үйреніп қалған. Мектепте үздік бағалар алып жүргенін айтып мақтанады.

– Бұл менің өз ынтам. Өзге балалармен тез тіл табыса аламын. Кенжекөлдегі балалар үйінде бірне­ше мәрте болып, Артеммен кездестім. Оның үйренуге деген ынтасы бар. Өте сыпайы, мейірімді бала. Арманы көп, футбол ойнағанды ұнатады, – дейді Нұрайым.

Оқушы қыз бос уақытында музыка тыңдап, би билегенді ұнатады. Өз сыныптастары арасында балалар үйіне қамқор болып жүрген құрбы-құрдастары баршылық екенін жеткізді.

Балалар ауылының тәрбие­ленушісі Альвина Миронова жас дарындықтарға алғысы шексіз екенін айтады. Ол ағылшын тілі­нен сабақтар үйреніп, күнде­лігінде бестіктер пайда бола бастаған.

Ал Андрей Голованов информатикадан, Артур Шкребец математикадан оқу үлгерімдері көтеріліп қалғандарын жеткізді.

«Жас дарын» мектебінің ұс­таз­дары мен ата-аналар қауы­мы Кенжекөл балалар ауылы тәр­биеленушілерінің тілектеріне үнемі назар аударып, Наурыз және Жаңа жыл мерекелерінде сыйлықтар жасайды. Мәселен биылғы Жаңа жылда 6 баланың Аяз атаға жазған хаты «Жас да­рын­ның» жомарт жандарына тап болыпты. Мереке қарсаңында жеткіншектер олардың тарапы­нан мол сыйлыққа кенеліп, көңіл­дері жарқырай түсті.

Атап өтерлігі, 2024 жылы Қамқоршылар күніне орай «Жас дарынның» белсенді оқушылары сауапты істері үшін Павлодар облысы әкімінен Алғысхат алған.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар

Жасанды интеллект құрылысқа жат емес

Жасанды интеллект • Бүгін, 09:55

Әскер беделі – ел беделі

Әскер • Бүгін, 09:45

Қайырымды азаматтардың демеуі

Аймақтар • Бүгін, 09:40

Егінді «AgroSky» бақылайды

Технология • Бүгін, 09:35

Сингулярлық кезең

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:30

ЖИ-ді қолдану қауіпсіз бе?

Жасанды интеллект • Бүгін, 09:20

«Шыны мақтадан» табыс тапқан

Өндіріс • Бүгін, 09:15