Сурет: kazpravda.kz
Кездесу барысында Дания Еспаева өткен жылы Мәжіліс қабылдаған бірқатар заңның мән-маңызын түсіндіріп, былтыр Парламент 100 заң қабылдағанын, оның 24-іне депутаттар бастамашылық еткенін атап өтті.
Депутаттар сондай-ақ кездесуге қатысушыларға көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі мәселелері бойынша Мәжіліс бастамашылық еткен заңды таныстырды. Мұнда парламентшілердің бастамалары жол-көлік оқиғалары кезінде жәбірленушілердің өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне залал келген кезде төленуге жататын сақтандыру сомаларын ұлғайтуға бағытталған.
Сондай-ақ депутаттар сақтандыру компанияларының өкілдерімен тұрғын үйлерді табиғи апаттардан міндетті сақтандыруды енгізу мәселесін де талқылады.
Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі Жигули Дайрабаев Абай облысына ұйымдастырылған жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Берік Уәлимен кездесті. Онда облыс әкімі Мәжіліс депутатына өңірдің қазіргі тыныс-тіршілігін таныстырып, ел игілігі жолында атқарылып жатқан жұмыс жайын баяндады.
Сапар аясында Ж.Дайрабаев Семей қаласындағы «Қазтұтынуодағы агробизнес және экономика колледжі» ұжымымен кездесу өткізді. Кездесу барысында мәжілісменге колледждің оқу-тәрбие жұмысы туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ ол оқу орнын аралап, білім ұясының материалдық-техникалық базасымен танысты. Сонымен қатар депутат Ж.Дайрабаев студенттер мен оқытушыларға депутаттық лекция өткізіп, білім саласының өзекті мәселелері мен кадр даярлау туралы ой-пікірін ортаға салды.
Мәжіліс депутаты Шәкәрім университетінде де кездесу өткізіп, онда оқу орындарының басшыларымен, оқытушылармен, студенттермен бірге аграрлық білім мен ғылымның өзекті мәселелерін талқылады.
Ал Астанада Мәжілістегі ЖСДП фракциясының мүшесі, депутат Ажар Сағандықова «Астана Эко Полигон» ЖШС-ның жұмысымен танысып, ұжыммен қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесіндегі мәселелер туралы әңгімелесті. Серіктестіктің бүгінгі ахуалымен танысу барысында полигонның қалыпты қуатынан шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеп жатқаны айтылды. Яғни қолданыстағы екі ұяшық толған ал үшінші ұяшықтың дайын еместігі және қалдықтарды сұрыптау деңгейінің өте төмен болуы Астанаға экологиялық қауіп төндіріп тұрғаны белгілі болды.
«Анықталған мәселелер бақылауға алынады, сондай-ақ экологиялық заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірленеді», деді депутат Ажар Бақытқызы.
«Amanat» партиясы фракциясының мүшелері Максим Рожин мен Данияр Қасқарауов Алматы облысы Талғар қаласына барды. Олар қалада 4 жыл бұрын құрылысы қолға алынып, алайда бүгінде тоқтап тұрған магистралдық су таратқыш төңірегіндегі мәселенің мән-жайын білуге тырысты. Талғар қаласына су жеткізетін негізгі жүйе болуға тиіс бұл су таратқыш іске қосылса, ескі құбырлар мен тозған инфрақұрылымның жүктемесі азайып, қала тұрақты әрі жеткілікті көлемде ауызсумен қамтылуы керек-тін. Алайда құрылыс аяқталмағандықтан, қала әлі де ескі су желісіне тәуелді. Құрылыстың тоқтап қалуына толық қаржыландырудың жоқтығы себеп болған. Ал қазіргі 4 300 текше метрлік резервуардың сыйымдылық қуаты қаланы ауызсумен толық қамти алмай отыр. 50 мыңға жуық тұрғынды ауызсумен қамтитын бұл жоба үшін 4,6 млрд теңге қажет. Құрылысты толық аяқтауға қажетті 1,7 млрд теңгеге жуық қаржы әлі бөлінбеген. Оған суды хлорлайтын жабдықтар, зертханалық құралдар мен негізгі технологиялық құрылғылар алынып, нысан биылғы шілдеде пайдалануға берілуге тиіс екен.
– Дәл осы жабдықтар орнатылмайынша нысанды пайдалануға беру мүмкін емес. Негізгі жабдықтар мен материалдарды биыл сатып алу қажет. Әйтпесе, жобаның құны қымбаттап, іске асыру мерзімі тағы да созылып кетуі мүмкін. Сондықтан облыстық бюджеттен жетіспей тұрған қаражатты уақыт оздырмай бөлу мәселесін көтеріп отырмыз, – деді М.Рожин.
Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында қалдықтарды басқару жүйесіне түсетін жүктеменің артуына байланысты проблема туындап отыр. Қайта өңдеу қуатының жетіспеуіне байланысты Баянды ауылындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны өз аумағындағы ғана емес, Ақтау қаласынан, сондай-ақ Түпқараған ауданының бірқатар ауылдарынан келетін қоқысты қабылдауға мәжбүр. Жағдайды көзбен көріп, нақты шешімдер әзірлеу үшін нысанға Мәжіліс депутаты, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин барды. Мәжілістің Экология мәселелерінің және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы мұнда қолға алынған шаралардың мәжбүрлі сипатта екенін және толыққанды қайта өңдеу жүйесін алмастыра алмайтынын атап өтті. Е.Жаңбыршиннің айтуынша, депутаттардың бастамасымен Мәжілісте экология мәселелеріне қатысты түзетулер әзірленіп жатыр.
– Жаңа заң жобасы қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруге, қайта өңдеуге арналған экономикалық ынталандыру тетіктерін енгізуге және өтіл төлемдеріне қатысты тәсілдерді қайта қарауға бағытталған, – деді депутат.
Е.Жаңбыршин жергілікті мәслихаттардың төрағаларымен және депутаттарымен де кездесіп, Мәжілісте қабылданған, әзірленіп жатқан, азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған заңдар туралы, сондай-ақ негізгі салалық мәселелер бойынша жүргізілген талдамалық және мониторингтік жұмыстардың нәтижелері жөнінде кеңінен баяндады.